Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"800 млрд теңге құйып, қайта жол салуға тура келмесін": Депутат жол жобасына қатысты ұсыныс айтты

нашар жолдар
Фото: Stan.kz / Түсірген Айым Атамбаева

"Respublica" партиясы фракциясының мүшесі Мейірхат Қасымбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның негізгі трансшекаралық автомобиль жолдарын I техникалық санатқа дейін жеткізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, халықаралық дәліздердегі көлік ағыны жыл сайын артып келе жатқанымен, бірқатар жолдардың қазіргі параметрлері елдің транзиттік әлеуетіне қойылған міндеттерге толық сәйкес келмейді.

"Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру және транзиттік тасымал көлемін ұлғайту міндетін қойып отыр. Алайда бүгінде жекелеген трансшекаралық автомобиль жолдары өздерінің техникалық параметрлері бойынша бұл міндеттердің ауқымына толық сәйкес емес", – деді Мейірхат Қасымбаев.

Депутаттың мәліметінше, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 25 мың шақырым. Оның шамамен 4 мың шақырымы ғана I техникалық санатқа жатады. Бұл жалпы жол желісінің 20%-ынан төмен. Сонымен қатар жекелеген бағыттардағы көлік қозғалысының қарқындылығы жыл сайын 15-20%-ға артып келеді.

Мәселен, ұзындығы 871 шақырым болатын Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы бағытымен тәулігіне 10 мыңға дейін көлік қатынайды. Курорттық кезеңде бұл көрсеткіш 15 мыңға дейін жетеді.

"2025 жылы тек осы бағытта 246 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 46 адам қаза тапты, 473 адам жарақат алды. Жалпы республикалық маңызы бар жолдарда 994 адам мерт болды", – деді депутат.

Қасымбаев жоғары жүктеме түсіп отырған өзге де негізгі бағыттар ретінде Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Орал – "Сырым" өткізу пункті – Ресей шекарасы, сондай-ақ Павлодар – Семей – Қалбатау – Зайсан – Майқапшағай – Қытай шекарасы бағыттарын атады. Депутаттың пікірінше, өткізу пункттерін жаңғыртумен қатар, оларға апаратын автомобиль жолдарының өткізу қабілетін де арттыру қажет.

“Егер өткізу пункттеріне апаратын жолдар қажетті параметрлерге сәйкес келмесе, бұл халықаралық бағыттың тұтастай өткізу қабілетіне кері әсер ететін “тар орынға” айналады", – деді ол.

Сонымен қатар Мейірхат Қасымбаев Жаңа Бейнеу – Сексеуіл жобасына ерекше назар аударды. Қазіргі таңда жоба II техникалық санат бойынша жоспарланған. Депутаттың айтуынша, бұл жол Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттары арқылы Еуропамен байланыстыратын трансконтиненталдық бағыттың бір бөлігі болмақ. Жобаға шамамен 800 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.

"Осындай ауқымды қаражат салынатын жағдайда, болашақта кеңейту мен қайта жаңғыртуға қосымша шығын жұмсамау үшін жолды бүгіннен бастап I техникалық санат параметрлері бойынша салу мүмкіндігін қарастыру қажет", – деді депутат.

Осыған байланысты ол үкіметке трансшекаралық автомобиль жолдарына түгендеу жүргізіп, I техникалық санатқа дейін жеткізілуі тиіс басым дәліздердің тізбесін анықтауды ұсынды.

Сондай-ақ көлік және жүк ағыны жоғары төрт бағытқа басымдық беріп, жаңа жобалардың, соның ішінде Бейнеу – Сексеуіл жолының жобалық шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды және өткізу пункттерін жаңғыртуды автомобиль жолдарын дамыту жұмыстарымен үйлестіруді ұсынды. Депутат Үкіметтен I техникалық санатқа дейін жеткізу жоспарланған жолдардың нақты тізбесін, іске асыру мерзімдерін, ұзындығын және қаржыландыру көлемін көрсетіп, тиісті ақпарат ұсынуды сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жол апатынан қаза болғандардың шамамен жартысы республикалық маңызы бар тасжолдарда көз жұмады. ІІМ басшысы Ержан Сәденов адам өлімі көп тіркелген учаскелерді атады. Ең жоғары көрсеткіш Жамбыл облысындағы Алматы–Ташкент тасжолында — биыл 60 адам қаза тапқан. Министр жол қауіпсіздігін арттыру үшін көпжолақты жолдарды көбейтіп, жол бойындағы сервисті дамыту қажет екенін айтты.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 11:53