"Ертең жұмысқа келмей-ақ қой": Күтпеген жерден жұмыстан шығарып жіберсе, не істеу керек
Әлеуметтік желіде жұмысынан күтпеген жерден айырылып, басшылықтың шешіміне шағымданатындар аз емес. Бірі жұмыстан шығатынын соңғы күні ғана білсе, енді бірі еш түсініктемесіз қызметінен босатылғанын айтады. Жұмыс беруші қызметкерін алдын ала ескертпей жұмыстан шығара ала ма? Мұндай жағдайда адам қандай өтемақы талап ете алады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Эльнура Кішкенебаевадан сұрап білді.
"Мені 9 мамыр күні жұмыстан күтпеген жерден шығарып жіберді. Алдын ала ешкім ескерткен жоқ. Тек дүйсенбіден бастап жұмысқа келмеуімді айтты".
Осындай жазбалар Threads әлеуметтік желісінде жиі кездеседі. Желі қолданушыларының бірі екі жыл бойы демалысқа шықпай, қосымша жұмыс істеп жүрген әріптесінің бір күнде қызметінен айырылғанын жазған.
"Әріптесімді жұмыстан шығарып жіберді. Ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Жұма күні жай ғана "Осы уақытқа дейінгі еңбегің үшін рақмет" деді. Сөйтіп, дүйсенбіде ол жұмысқа келмейтін болды. Екі жыл бойы демалысқа шықпай, қосымша ауысымдарға қалып, демалыс күндері де жұмыс істейтін. Ал жұмыстан кеткенде, осы уақытқа дейінгі еңбегі ешкімге керек болмағандай көрінді", – деп жазған ол.
Ал әлеуметтік желінің тағы бір қолданушысы әріптесінің жұмыстан шығарылғанын басшысының аудиохабарламасынан ғана білгенін айтып, таңданысын білдірген.
"Әріптесім жұмысқа келіп, бір сағаттан кейін басшысынан хабарлама алған. Онда "Ойланып көрдім, енді сенің қызметің бізге қажет емес сияқты. Бүгін есеп айырысамыз, сау бол" деген. Бұрын адаммен ең болмаса жеке сөйлесіп, жағдайды түсіндіретін еді. Ал қазір бір хабарлама жіберіп, жұмыстан шығарып жібере салады", – деп жазды ол.
Мұндай жағдайға тап болғандардың арасында басшылықпен дауласпай, үнсіз кетіп қалатындар да бар. Алайда маманның айтуынша, заң бойынша жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан шығаруына нақты негіз болуы тиіс.
Басшы қызметкерін қалаған уақытында жұмыстан шығара ала ма?
Мысалы, сіз бір компанияға бір жылға жұмысқа тұрдыңыз делік. Арада төрт ай өткенде басшыңыз шақырып алып, енді қызметіңіз қажет емес екенін айтты. Ал еңбек шартының аяқталуына әлі сегіз ай бар. Осындай жағдайда жұмыс берушінің әрекеті заңды ма?
Заңгер Эльнура Кішкенебаеваның айтуынша, еңбек шартының мерзімі аяқталмаса да, қызметкерді жұмыстан шығаруға болатын жағдайлар бар. Бірақ ол жерде басшылықтың жай ғана "сен бізге керек емессің" деуі жеткіліксіз.
"Еңбек кодексінің 52-бабында адамды қандай жағдайда жұмыстан шығаруға болатыны жазылған. Мысалы, басшылық штат қысқарды десе, оның шынымен қысқарғанын дәлелдеуі керек. Сонымен қатар қызметкерге алдын ала ескерту және басқа да заң талаптары сақталуға тиіс. Адаммен бір жылға келісімшарт жасалған екен деп, оны кез келген уақытта себепсіз жұмыстан шығара алмайды", – деп түсіндірді адвокат.
Сондықтан басшылық жұмыстан кетуді талап етсе, ең алдымен оның нақты себебін сұрап, жұмыстан босату туралы ресми құжатпен танысқан жөн.
Келісімшарттың қалған айлары үшін жалақы алуға бола ма?
Жұмысынан күтпеген жерден айырылған адам үшін ең үлкен мәселенің бірі – табыссыз қалуы. Әсіресе несиесі бар, отбасын асырап отырған адамдарға жаңа жұмыс табылғанша күн көру оңай емес. Айталық, бір жылға жасалған еңбек шартының аяқталуына сегіз ай қалды. Жұмыс беруші қызметкерді мерзімінен бұрын босатса, сол сегіз айдың жалақысын төлеуге міндетті ме?
Заңгердің түсіндіруінше, еңбек шарты аяқталмағаны үшін ғана қызметкерге қалған айлардың ақшасы түгел берілмейді. Дегенмен жұмыстан шығу себебіне қарай қосымша төлем алуға болады.
"Қызметкер жұмыстан шыққанда оған жұмыс істеген күндерінің жалақысы толық төленуі керек. Егер пайдаланылмаған еңбек демалысы болса, оның да ақшасы беріледі. Ал компания жабылғанда немесе штат қысқарғанда орташа бір айлық жалақы көлемінде қосымша өтемақы қарастырылған. Еңбек келісімшартында бұдан басқа да төлемдер көрсетілуі мүмкін. Бірақ келісімшарттың аяқталуына бірнеше ай қалғаны үшін ғана сол айлардың жалақысы түгел төленбейді", – деді адвокат.
Ал компанияның қаржылық жағдайы нашарлап, жұмыс көлемі азайғандықтан қызметкер заңда көрсетілген арнайы негізбен жұмыстан шығарылса, оған орташа екі айлық жалақы көлемінде өтемақы беріледі.
"Өз еркіңмен арыз жаз" десе, не істеу керек?
Кейде басшылық қызметкерді жұмыстан өзі шығармай, одан өз еркімен кету туралы арыз жазуды сұрайды. Бір қарағанда, мұның айырмашылығы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ заң тұрғысынан екеуі екі бөлек жағдай.
Мысалы, қызметкер штат қысқарғандықтан жұмыстан босатылса, оған заңда белгіленген өтемақы төленеді. Ал өзі кетуге арыз жазса, мұндай төлемді алуға негіз болмауы мүмкін. Сондықтан заңгер басшылықтың талабымен бірден арыз жазуға асықпауға кеңес береді.
"Егер қызметкер жұмыстан шығару туралы шешіммен келіспесе, өз еркімен кету туралы өтініш жазуға асықпау керек. Кейін бұл құжат оның құқығын қорғауын қиындатуы мүмкін. Сондықтан жұмыстан шығару туралы бұйрықтың көшірмесін сұратып алған жөн. Егер шешіммен келіспесе, оны жазбаша көрсетуге болады. Сондай-ақ еңбек келісімшартын, басшылықпен жазысқан хабарламаларды және басқа да құжаттарды сақтап қою маңызды", – деді Эльнура Кішкенебаева.
Басшылықпен арадағы хат-хабар, жұмысқа қабылдау туралы құжаттар мен еңбек шарты кейін дау туындаса, дәлел ретінде қажет болуы мүмкін.
Жұмыстан заңсыз шығарса, қайда шағымдануға болады?
Егер жұмыс беруші еш негізсіз қызметкерді жұмыстан шығарса, оның шешіміне шағымдануға болады. Адвокаттың айтуынша, алдымен жұмыстан босату туралы бұйрықта қандай себеп көрсетілгенін анықтау қажет. Содан кейін еңбек инспекциясына шағым түсіріп, заңда көзделген тәртіппен келісу комиссиясына немесе сотқа жүгінуге болады. Алайда мұндай дауларда шағымдану мерзімін өткізіп алмау маңызды дейді заңгер.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысына қайта орналасқысы келген қызметкерге келісу комиссиясына жүгіну үшін, әдетте, жұмыстан босату туралы бұйрықтың көшірмесін алған күннен бастап бір ай беріледі екен. Ал дау келісу комиссиясында шешілмесе, заңда белгіленген мерзімде сотқа жүгінуге болады. Кейбір қызметкерлер үшін келісу комиссиясына бармай, тікелей сотқа шағымдану тәртібі де қарастырылған. Егер сот немесе келісу комиссиясы адамның заңсыз жұмыстан шығарылғанын анықтаса, оны бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы шешім қабылдай алады. Мұндай жағдайда қызметкер амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақысын да өндіріп алуға құқылы. Бірақ заң бойынша бұл төлем алты айдан аспайтын мерзімге есептеледі.
Эльнура Кішкенебаеваның айтуынша, әр жағдайдың мән-жайы әртүрлі. Сондықтан жұмыстан шығарылған адам алдымен өз еңбек шартын қарап, басшылықтың шешімі заңға қаншалықты сай екенін анықтап алғаны дұрыс.
Жұмыс берушінің "ертеңнен бастап келмей-ақ қой" деген ауызша сөзі қызметкерді заңды түрде жұмыстан шығаруға жеткіліксіз. Еңбек шартын бұзудың нақты негізі болып, барлық құжат заң талаптарына сай рәсімделуі керек. Ал шешіммен келіспеген қызметкер оған қарсы шағымданып, өз құқығын қорғай алады дейді заң маманы.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда кәсіби біліктілігі жеткіліксіз деген себеппен жұмыстан шығарылған әйелдің сот арқылы қызметіне қайта оралғанын жазған едік. Сот жұмыс берушінің қызметкерді заңсыз жұмыстан шығарғанын анықтап, оны бұрынғы орнына қайта орналастыруды міндеттеді. Сондай-ақ әйелге амалсыз жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақы төлеу туралы шешім шығарды.