Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел питонға жем бола жаздаған коаланың баласын құтқарып қалды

питон
Фото: видеодан скриншот

Австралияның Брисбен қаласында әйел питонға шырмалған коаланың баласын құтқарып қалды. Ол жыланды жануардан ажыратып, кішкентай коаланы анасына қайтарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ABC News телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Брисбен қаласының Кэмп-Хилл ауданындағы табиғи қорықта болған. Нэлл есімді әйел итімен серуендеп жүргенде құстардың қатты шулағанын естіп, сол жаққа қарай беттеген. Сөйтсе, питон коаланың баласына оралып, ал анасы оны құтқаруға тырысып жатыр екен.

"Сол кезде коаланың баласы маған қорыққан күйі қарады. Ал анасы баласын босату үшін питонды тырнап, арпалысып жатты. Оның қатты абыржығаны көрініп тұрды", – дейді Нэлл.

Әйел көп ойланбастан жыланға шырмалған коаланы жерден көтеріп алып, питонды ажырата бастаған.

"Бәрі әп-сәтте болды. Бір қарасам, бір қолымда жылан, ал коаланың баласы екінші иығыма жармасып, жылап тұр екен", – деді ол.

Нэлл алдымен коаланың тыныс алып жатқанын және аяқ-қолының амандығын тексерген. Содан кейін оны анасы отырған ағашқа жақындатқан. Кішкентай коала бірден ағашқа өрмелеп, анасына жетіп алған.

Ал ұзындығы шамамен 1,5 метр болатын питонды әйел саябақтың басқа бөлігіне апарып, босатып жіберген екен.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

Айта кетейік, Австралияда коалалар жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына енгізілген. Әсіресе 2019–2020 жылдардағы орман өрттері олардың санының азаюына айтарлықтай әсер еткен.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 17:22