Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Концертіне бармау керек": Нұрлан Сабыровтың Алматыдағы өнер көрсетуі жұрттың наразылығын тудырды

Сабыров
Фото: Vk/nurlan.saburov

Қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабыровтың Алматыда өткен концерті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі оның өнер көрсетуіне қарсы шығып, концертке бармауға шақырған болса, енді бірі билет таппай қалғандарын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz -ке  сілтеме жасап хабарлайды.

5 қараша күні Punch Stand Up Club өзінің Instagram парақшасында Нұрлан Сабыровтың сол күні сағат 22:00-де Алматыда концерт беретінін хабарлаған еді. Билет бағасы 15 мың теңгеден басталған. Концертте әзілкеш жаңа әзілдерін көрерменге алғаш рет ұсынып, олардың қалай қабылданатынын байқап көрмек болған. Алайда хабарландыру орналастырылған сәтте жазба астында жұрттың пікірі екіге бөлінді. Кейбірі тіпті Сабыровтың Ресейдің Украинадағы соғысына қатысып жатқан әскерилерге қолдау көрсеткенін еске салып, оның концертіне бармауға шақырды.

"Сабыровтың біздің елде өнер көрсетуіне жол бермеу керек. Оның концертін ұйымдастырып жүргендерге де ұят", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

 

Ал басқалары "Оның концертіне кім барады?" деген сарында наразылық білдірген. Дегенмен әзілкешті қолдағандар да табылды. Кейбірі билет сатып ала алмай қалғанын айтып, концерт туралы кеш білгеніне қынжылған.

Еске салсақ, бұған дейін Сабуровтың Ресейдің "Легион Вагнер Истра" бөлімшесіне он мотоцикл бергені туралы видео тараған еді. Бұл жағдай қоғамда дау тудырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізген. Алайда 2026 жылғы маусымда ведомство әзілкештің әрекетінен құқықбұзушылық белгілері анықталмағанын хабарлады.

Сондай-ақ 2022 жылы Сабуров АҚШ-тағы концертінде Украинадағы соғысқа назар аудармақ болған суретшіге қатысты орынсыз әзіл айтып, сынға қалған еді.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 16:55