Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеру аяқталды: Ұлттық қауіпсіздік комитеті не шешті

Нұрлан Сабыров
Фото: Global Look Press

Ұлттық қауіпсіздік комитеті комик Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұрын желіде Нұрлан Сабыровтың Ресей әскеріне, Украинамен қақтығысқа қатысып жатқандарға материалдық көмек көрсеткені туралы видео тараған еді. Ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сабыровқа қатысты қылмыстық заңбұзушылық, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 170-бабы бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметіне сәйкес, Сабыровқа қатысты тексеру аяқталған.

“Тексеру нәтижесінде құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ”, – деп хабарлады ҰҚК.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 170-бабы – “Жалдаушылық” деп аталады. Бұған адамдарды соғысқа, қарулы әрекеттерге немесе билікті құлату мен елдің аумақтық тұтастығын бұзу әрекеттеріне тарту, оқыту, қаржыландыру немесе пайдалану кіреді. Мұндай әрекет жасағандарға 7–12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Генерал прокуратурасының пікірі

Бұрын журналистер Нұрлан Сабыровқа қатысты БАҚ-та жарияланған материалдар жөнінде Генерал прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен сұраған еді. Ол алдымен жағдайды зерттеу керегін айтқан.

“Шетелдік мемлекет қабылдаған шешімге біз түсінік бере алмаймыз. БАҚ-та жазылғандар толық зерттеуді талап етеді. 170-бапқа қатысты айтылғандар – ҰҚК құзыретінде”, – деді ол.

ҰҚК-ның хабарламасына сәйкес, тексеру барысында құқықбұзушылық белгілері табылмаған. Осылайша, ресми қорытынды бойынша, Нұрлан Сабыровқа қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Кейінірек оның Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланған.

Артынша Сабыровтың Украинаға қарсы соғысып жатқан Ресейдің “Вагнер” ЖШС жауынгерлеріне 10 мотоцикл беріп, "Барлығы жеңіс үшін" қорына 2 млн рубль аударғаны туралы ақпарат тараған. Артынша Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған қатысты тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болған. Алайда Қазақстанда Нұрлан Сабыровқа қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 18:52