"Біреудің әйелін тартып алудан Алла сақтасын": Олжас Абай ел арасындағы қауесетке жауап берді
Танымал актер Олжас Абай журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Дариға Бадықовамен қарым-қатынасына қатысты ел арасында тараған қауесетке жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аман Тасығанға актерден ел арасында айтылып жүрген “Біреудің әйелін тартып алды” деген сөзге қатысты пікірін сұрады. Өнер иесі біреудің отбасын бұзды деген пікірмен келіспейтінін ашық айтты.
“Бұл – дұрыс емес түсінік. Біреудің әйелін тартып алудан Алла сақтасын. Қандай жағдай болмасын, егер біреудің әйелін тартып алсаң, ол адам келіп, өзіңе айтпай ма? Сенің әйеліңді біреу тартып алса, 18 миллион адамның алдына шығып жар салмайсың ғой. Тікелей сол адамның алдына барып, “Әйелімді тартып алдың” деп айтасың. Демек, олай емес. Бұл мүмкін емес”, – деді Олжас Абай.
Өнер иесі бұл мәселе алғаш көтерілгенде эмоцияға беріліп, көңілі қатты түскенін мойындады.

Оның сөзінше, Дариғамен қарым-қатынасы аяқастынан басталмаған, бәрі өз уақытымен, саналы түрде қабылданған шешімнің нәтижесінде өрбіген.
“Осы тақырып көтерілгенде эмоцияға берілдім. Маған өте ауыр тиді. Бұл – ақылға сыймайтын нәрсе. Бәрі өз ретімен, өз уақытымен, ақылға салып қабылданған шешім. Тек эмоцияға беріліп, біржақты тұжырым жасау ұят нәрсе. Өткен өміріме көз жүгіртсем, ұялатындай әрекетім жоқ”, – деп ағынан жарылды актер.
Сондай-ақ Олжас Абай анасы мен жақындарының жары Дариға Бадықованы қалай қабылдағанын да айтып берді. Оның сөзінше, отбасы актрисаны жылы қарсы алып, екеуінің қосылғанына қуанып отыр.
“Анам Дариғаны келін ретінде жақсы қабылдады. Үйдегілердің бәрі қуанып отыр. Олардың қуануына да себеп бар, өзімнің бойдақ жүргеніме біраз уақыт болып қалыпты. Кейінгі кездері достарымның тойына да бармайтын болдым. Өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Бұл сезім кейін пайда болды. Бұрын оған аса мән бермейтін едім”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың қарым-қатынасы бұған дейін де көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Былтыр күзде актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ажырасу себептері туралы айтып, қоғамды дүр сілкіндірді.
Сондай-ақ Дархан Мұсаев жұбайымен арасы суыған сәтті еске алып, Дариға мен Олжас Абаевтың арасында іскерліктен бөлек сезімнің барын әу бастан сезгенін айтты.
Кейінірек Олжас Абай қызу талқыға түскен Дариға Бадықованың отбасына қатысты даулы оқиғадан кейін жазба жариялады. Актриса да экс-күйеуінің мәлімдемесіне жауап беріп, бір тараптың сөзіне ғана сүйеніп, қорытынды жасайтындарды сынға алды.
Ал биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.