"Оның жанында осал болуға хақың жоқ": Олжас Абай Дариға Бадықованың қандай қасиеттеріне ғашық болды
Танымал актер Олжас Абай журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында актриса Дариға Бадықованың қандай қасиеттері жүрегін жаулағанын айтып, сүйіктісінің өз өміріне қалай әсер еткенін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер сүйіктісінің болмысын толық ашып айтқысы келмейтінін, алайда оның бойында өзі ерекше бағалайтын қасиет көп екенін жасырмады.
“Бәрін жайып салғым келмейді. Оны өзім білемін, өзім көремін. Дариғаның ішкі түйсігі өте мықты. Ол – жан-жақты қалыптасқан, өз алдына бүтін тұлға. Оның жанында осал болуға, абдырап қалуға, аңдамай әрекет етуге хақың жоқ. Маған да керегі осы еді”, – деді актер.
Өнер иесінің айтуынша, Дариға Бадықованың жанында жүрген адам еріксіз өзіне талап қоя бастайды.
Актриса ешкімге ақыл айтып, жөн сілтемесе де, оның болмысы айналасындағы адамдарды жауапкершілікке, әр ісіне мұқият қарауға жетелейді. Олжас Абай сүйіктісінің дәл осы қасиеті өзін ерекше баурағанын атап өтті.
“Дариғаның жанында еңсеңді түсіруге хақың жоқ. Автоматты түрде мықты болуға тырысасың. Аңдамай сөйлемейсің, әр сөзіңді ойланып айтасың. Ол саған ақыл айтып, кеңес беріп отырмайды. Сен өзің сондай болып қаласың”, – деп түсіндірді өнер иесі.
Актер өмірлік серігін таңдағанда өзін түсінетін ғана емес, ой-өрісі кең, мінезі мықты, үнемі дамуға ынталандыратын адамды іздегенін айтты.
“Маған өмірде мықты адам керек еді. Кемеңгер, қызықты адам керек болды. Онымен шапылдасып ұрыса да алмайсың. Өйткені ол ұрыспайды. Оның толқынына түссең, өзің де сол ырғаққа ілесесің. Оған төтеп беремін деп жүріп, өзің шыңдала түсесің. Қызығы да осында”, – деді Олжас Абай.
Сондай-ақ өнер иесі әйел адамның тартымдылығын тек сыртқы келбетімен бағалауға болмайтынын жеткізді.
“Оның бойында әйелге тән барлық қасиет бар. Мұны жұрт сұлулықпен немесе дене бітімімен шатастырмасын”, – деп түйіндеді актер.
Еске салайық, биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.
Олжас Абай актриса Дариға Бадықовамен қарым-қатынасы қалай басталғанын және оның өмірлік серігі екенін қай кезде түсінгенін айтып берген еді.
