Ел жастарына жаңа мүмкіндік ашқан Makerspace жобасы тағы үш жылға жалғасады
Қазақстанда балалар мен жастарға робот құрастыруды, бағдарламалауды және заманауи технологияларды тегін үйрететін Makerspace жобасы тағы үш жылға жалғасын таппақ. АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі мен Chevron компаниясы осы бағыттағы әріптестігін ұзарту туралы келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осыған орай Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында орналасқан American Corner орталығында арнайы кездесу өтті. Оған АҚШ елшісінің білім, мәдениет және баспасөз мәселелері жөніндегі кеңесшісі Керри Спиндлер-Ранта, Chevron компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мадина Қанапиянова, еріктілер мен жобаға қатысып жүрген оқушылар қатысты.
Кездесу барысында Керри Спиндлер-Ранта университеттегі Makerspace орталығын аралап, балалардың немен айналысатынын өз көзімен көріп шықты. Ол жас қатысушылармен тілдесіп, олардың жасап жүрген жобаларымен танысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Makerspace – балалар мен жастар өз идеяларын іске асырып, түрлі құрылғы жасап, жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде үйренетін тегін орталық. Мұнда мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар робот құрастырып, 3D модельдеуді, бағдарламалауды, жасанды интеллектіні және зымыран жасаудың негіздерін меңгере алады.
Алты жылда 54 мыңнан астам жас қатысқан
АҚШ дипломатиялық миссиясы мен Chevron компаниясы Makerspace Expands жобасын 2020 жылы бастаған. Қазір мұндай орындар Қазақстанның жеті қаласында – Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Павлодар және Петропавлда жұмыс істейтін көрінеді. Осы уақыт ішінде орталықтарда 2300-ге жуық сабақ пен түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оларға 54 мыңнан астам жас қатысқан.
АҚШ елшісінің білім, мәдениет және баспасөз мәселелері жөніндегі кеңесшісі Керри Спиндлер-Рантаның айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастарға өз бетінше ізденуге, жаңалық ашуға және ойындағысын жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
"Бұл бастаманың жастарға не бергенін сандармен ғана айтып жеткізу қиын. Күн сайын жастар осы орталықтарға келіп, жаңа технологияларды қолданып көреді, тәжірибе жинайды, бір-бірімен ой бөліседі және өз идеяларын нақты жобаға айналдырады. Мұнда америкалық жаңашыл тәжірибе, қазақстандық жастардың таланты және жергілікті серіктестердің еңбегі тоғысады. Алдағы жылдары осы орталықтарда қандай жаңа жобалар дүниеге келетінін асыға күтеміз", – деді Керри Спиндлер-Ранта.
"Балалар өзіне сенімді бола бастайды"
Chevron компаниясының ұжымдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мадина Қанапиянова жобаның жастарға берер мүмкіндігі тек технология үйренумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, балалар мұнда өздігінен шешім қабылдауды, басқалармен тіл табысуды және бірлесіп жұмыс істеуді де үйренеді.
"Балалар робот құрастырады, зымырандар жасайды, 3D модельдеумен және бағдарламалаумен айналысады. Жасанды интеллектіні зерттеп, өз идеялары мен жобаларын дамытады. Осылайша олар шығармашылық қабілетін шыңдап, сыни ойлауға, топпен жұмыс істеуге үйренеді. Ең маңыздысы – өзіне деген сенімі артады", – деді Мадина Қанапиянова.
Ол мұндай нәтижеге еріктілердің еңбегі мен жастардың жаңалыққа деген қызығушылығының арқасында қол жеткенін айтты.

14 жастағы оқушы өз клубын ашқан
Makerspace орталықтарының тағы бір ерекшелігі – мұнда балалар тек білім алып қана қоймай, өздері де өзгелерге үйрете алады. Мәселен, 14 жастағы Арнела орталықта ерікті болып жүріп, кейін өзімен қатарлас балаларға сабақ өткізе бастаған.
"Makerspace-те ерікті болып жүріп, адамдармен еркін сөйлесуді, топпен жұмыс істеуді үйрендім. Түрлі жоба жасап, өзіме ортақ мақсаты бар достар таптым, өзіме деген сенімім де артты. Осында ойын құрастыратын Game Makers Lab клубын аштым. Көптен бері ойымда жүрген істі қолға алып, білгенімді басқаларға үйретіп жүргеніме қуанамын", – дейді Арнела.
Ал Сымбат Makerspace орталығында жүріп, жаңа адамдармен танысып, өз ойын еркін жеткізуді үйренгенін айтады. Ол қатысатын клубта балалар бірлесіп түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын көрінеді.
"Makerspace-те жаңа адамдармен танысып, ойымызды еркін бөлісе бастадық. Клубта бірге жұмыс істеп, өзімізге сенімді бола түстік. Іс-шара ұйымдастырып, әртүрлі адамдармен тіл табысуды үйрендік. Мұнда өзіміз де үйренеміз, өзгелерді де жаңа нәрсе жасап көруге жігерлендіреміз", – дейді Сымбат.
14 жастағы Рия болса, Art Space шығармашылық клубын ашқан. Мұнда балалар сурет салып, түрлі бұйымдар мен әшекейлер жасайды екен.
"Балалар өз ойындағысын жасап көріп, қабілетін аша түседі. Оларға көмектесіп, білгенімді бөліскен ұнайды. Makerspace-тің арқасында өз ойымды іске асырып, ұйымдастырушы әрі тәлімгер болып көрдім. Өзіме деген сенімім де артты", – дейді Рия.
Жоба тағы үш жылға жалғасады
Кездесу барысында АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мен Chevron компаниясы әріптестікті тағы үш жылға ұзартатынын мәлімдеді. Жаңа келісім аясында Makerspace орталықтарының жұмысын дамыту, жастарға арналған сабақтар мен жобаларды көбейту және заманауи технологияларды үйренуге мүмкіндік беру көзделген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – балалардың ғылым мен технологияға қызығушылығын ерте оятып, болашақта өз идеясын жүзеге асыра алатын маман болып қалыптасуына көмектесу.
Айта кетейік, Makerspace орталықтарындағы сабақтарға қатысу тегін. Орталық мектеп оқушыларына, студенттерге және жаңа технологияларды меңгергісі келетін жас мамандарға үздіксіз қызмет етіп келеді.