Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аман қалғандарың өкінішті": Ашаршылыққа қатысты даулы пікірден кейін қазақстандық әйелге айыппұл салынды

 
оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстанда 1930 жылдардағы жаппай ашаршылыққа қатысты даулы пікір әлеуметтік желіде наразылық тудырды. Threads қолданушыларының бірі "Аман қалғандарың өкінішті" деген пікір жазып, қазақстандықтардың сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Талқылауға Threads желісінде тараған пікірдің скриншоты себеп болған. Болжам бойынша, пікір авторы Қазақстандағы жаппай ашаршылықты бастан өткерген адамға қатысты осындай сөз айтқан.

Әлеуметтік желідегі жазбаларда даулы пікірдің авторы Рудный қаласында тұратын блогер әйел екені айтылады. Алайда оның жеке басы мен пікірдің дәл осы адамға тиесілі екені ресми түрде расталмаған.

Аталған жазба желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Қазақстандықтар мұндай сөздерді айыптап, 1930 жылдардағы ашаршылық миллиондаған адамның өмірін қиғанын және ел тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі екенін еске салды.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Желі қолданушыларының арасында пікір авторын Қазақстан азаматтығынан айыруды ұсынғандар да болды. Енді бірі елдің мемлекеттік тіліне, мәдениетіне, дәстүрі мен тарихына құрметпен қарау қажеттігін жазды.

Тағы бір қолданушы бұл жағдайды бұған дейін Екібастұзда болған оқиғамен байланыстырды.

"Мұндай арандатушылықтар немен байланысты? Алдымен Екібастұздағы қыз, енді мына жағдай", – деп жазды ол.

Сондай-ақ желі қолданушылары Қостанай облысының әкімдігі мен құқық қорғау органдарын жағдайға құқықтық баға беруге шақырды. Кейбірі бұл оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, моноқалалардағы қоғамдық ахуалға назар аудару қажеттігін айтты.

Құқықтық медиа-орталықтың жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, бір ғана пікірге қарап, жағдайға құқықтық баға беру қиын. Оның сөзінше, пікір авторын жауапкершілікке тарту үшін алдымен оқиғаның мән-жайын толық анықтау қажет.

"Бұл жағдайға халықаралық стандарттар мен жалпы құқықтық қағидалар тұрғысынан пікір білдіре аламын. Қазір адамды жауапкершілікке тартуға жеткілікті негіз бар деп айту үшін ақпарат аз", – деді ол.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда даулы пікірді ғана емес, оған дейінгі және кейінгі жазбаларды, сондай-ақ хат алмасудың жалпы барысын ескеру маңызды.

"Бұл пікір нақты бір адамға бағытталды ма, әлде белгілі бір топты қорлау немесе кемсіту мақсаты болды ма – осының бәрі маңызды. Сондықтан жағдайды толық контекстен бөліп қарастыруға болмайды", – деп түсіндірді Диана Окремова.

Сонымен қатар сарапшы қоғамдық наразылық пен заң бұзушылықты шатастырмау керегін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның белгілі бір пікірге ашулануы өздігінен адамды заң бойынша жауапқа тартуға негіз бола алмайды.

"Қоғамның наразылығын заңды бұзудың нақты белгілерімен алмастыруға болмайды. Адамды жауапкершілікке тарту үшін заңда көзделген негіздер болуы керек", – деді ол.

Диана Окремова бұл оқиғаның құқықтық мәселемен қатар этикалық қыры да бар екенін айтты. Себебі ашаршылық – көптеген қазақстандық үшін тарихи әрі қоғамдық маңызы зор тақырып.

"Әр адамның сөз бостандығына, белгілі бір тарихи оқиғаларға қатысты өз пікірін білдіруге құқығы бар. Алайда бұл жерде адамның өзін қалай ұстағаны, оның сөзі қаншалықты әдепті болғаны туралы этикалық мәселе де туындайды", – деп түйіндеді сарапшы.

Полиция департаментінің жауабы

Қостанай облысының Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында заңға қайшы контент жарияланғаны анықталған. Тексеру нәтижесінде жазбаның авторы Қостанай облысы Рудный қаласының 44 жастағы тұрғыны екені белгілі болған.

"Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен айыппұл салынды", – деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ полиция азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға шақырып, ақпараттық кеңістіктегі құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Еске сала кетейік, Павлодарда арандатушылық сипаттағы видео жариялап, Ресей президентінен Қазақстан аумағына әскер кіргізуді сұраған әйел ұсталды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде павлодарлық әйелдің қазақ халқына тіл тигізіп, Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты пікір айтқан видеосы тараған еді

Ислам Әден
Жұма, 06 Қараша, 2026 17:39