Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыс беруші сіз үшін әлеуметтік аударым жасап жүр ме: Оны қалай тексеруге болады

Теңге
Фото: istockphoto.com/johan10

Қазақстандықтар жұмыс берушінің өздері үшін міндетті әлеуметтік аударымдарды уақытылы аударып жүргенін өз бетінше тексере алады. Еңбек министрлігі аударымдарды қалай тексеруге болатынын және міндеттемелер орындалмаған жағдайда қайда жүгіну керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік аударымдардың уақытылы әрі толық көлемде түсуі азаматтардың қандай әлеуметтік төлем алатынына тікелей әсер етеді. Өйткені төлем мөлшерін есептеу кезінде қызметкердің әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы мен аударым жасалған табысы ескеріледі.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, жұмыс берушілер әр қызметкері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) ай сайын әлеуметтік аударым жасауға міндетті.

Әлеуметтік аударым мөлшерлемесі есепке алынатын табыстың 5%-на тең. Маңыздысы, бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушінің есебінен төленуі тиіс.

Аударымдар есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізілуі керек. 

Бұл аударымдар азаматтардың мынадай жағдайларда әлеуметтік төлем алуына негіз болады:

  • еңбекке қабілеттіліктен айырылу;
  • жұмысынан айырылу;
  • жүктілік пен босануға;
  • жаңа туған баланы асырап алуға;
  • бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуды көздейді.

Әлеуметтік төлемдердің нақты мөлшері әр жағдайға байланысты есептеледі. Оған аударым жүргізілген табыс көлемі, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және заңнамада көзделген өзге де талаптар әсер етеді.

 

Әлеуметтік аударымдарды қалай тексеруге болады?

Министрлік азаматтарға жұмыс берушінің аударымдарын бірнеше жолмен тексеруге болатынын ескертті: 

  • eGov.kz порталы: Ол үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру қызметін таңдау қажет. Содан кейін қажетті кезеңді көрсетіп, электронды сұрау жіберу керек. Нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.

  • Банк қосымшалары: Кейбір банктердің мобильді қосымшаларында "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінде әлеуметтік аударымдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар.
  • ХҚКО немесе МӘСҚ филиалына жүгіну: Азаматтар жеке басын куәландыратын құжатпен барып, қажетті мәліметті ала алады.

Осы тәсілдер арқылы қай айларда аударым жасалғанын және қорға қандай көлемде қаражат түскенін білуге болады.

Жұмыс беруші әлеуметтік аударым жасамаса, не істеу керек?

Егер белгілі бір айларда әлеуметтік аударым түспегені анықталса немесе аударылған қаражаттың мөлшеріне күмән туындаса, алдымен жұмыс берушіге немесе компанияның есеп бөліміне хабарласып, мәліметтерді салыстырып тексерген жөн.

Ал жұмыс берушінің заңда белгіленген міндеттемелерін орындамағаны расталса, азаматтар мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Себебі әлеуметтік аударымдардың толық әрі уақытылы жүргізілуін бақылау осы органның құзыретіне жатады.

Министрлік азаматтарға әлеуметтік аударымдарын тұрақты түрде тексеріп отыруға кеңес береді. Бұл ықтимал заңбұзушылықтарды әлеуметтік төлем алуға қажеттілік туындамай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.

Қосымша ақпаратты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалдарынан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Еске салсақ, бұған дейін министрлік жұмысшыға кешігіп, қателескені үшін айыппұл салу мәселесіне қатысты түсініктеме берген еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 19:32