Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болат Өтемұратов OLX Қазақстанды 81 миллион долларға сатып алды

Болат Өтемұратов
Фото: ktf.kz

Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі "Верный Капитал" компаниялар тобы OLX-тің Қазақстандағы бизнесін сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Компания өкілдерінің мәліметінше, сатып алу Beeline Қазақстан арқылы жүзеге асқан. Мәміле нәтижесінде жаңа иеленуші танымал хабарландырулар платформасын басқаратын компанияның 100%-дық үлесіне ие болды. Сатып алу құны 81 миллион долларды (шамамен 36,6 миллиард теңге) құраған.

Болат Өтемұратовтың айтуынша, OLX-ке салынған инвестиция күнделікті өмірде қолданылатын цифрлық сервистер инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

"Біз үшін бұл жай ғана инвестициялық портфельді кеңейту емес, күнделікті қолданылатын цифрлық сервистер инфрақұрылымына салынған инвестиция", – деді кәсіпкер.

Қазір OLX платформасының Қазақстанда ай сайын шамамен 9 миллион белсенді пайдаланушысы бар. Бұл көрсеткіш елдегі белсенді интернет аудиториясының 52%-дан астамын қамтиды.

Сондай-ақ мәмілеге қатысты VEON компаниясының басшысы Каан Терзиоглу да пікір білдірді. Оның сөзінше, OLX Қазақстанды сатып алу компанияның цифрлық қызметтер портфелін толықтыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, 2025 жылдың қазанында Beeline компаниясының OLX Қазақстан хабарландырулар сайтын сатып алатыны туралы жазған едік. Ол кезде сатылым сомасы – 75 миллион долларға  (шамамен 40 миллиард теңге) бағаланған еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 20:11