Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада туғанына 43 күн болған сәби көз жұмды: Ата-анасы істің ақ-қарасын анықтауды сұрап отыр

сәби көз жұмды
Фото: видеодан скриншот

Қызылорда қаласында туғанына небәрі 43 күн болған бала ауруханада көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, сараптама қорытындысы сәбидің өліміне өкпесіндегі дерттің асқынуы себеп екенін көрсеткен. Бірақ жас отбасы дәрігерлердің "шақалақты бауырына алып ұйықтаған анасы абайсызда тұншықтырып алды" деп ақпарат таратты дейді. Ақ халаттылардың негізсіз айыбымен келіспеген ата-анасы құзырлы органдардан әзілдік іздейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерлі-зайыптыны дәрігерлер берген осы анықтама ашындырып отыр. Баланың анасы дәрігерлер шетінеп кеткен ұлымның өліміне неліктен әйелдің өзін кінәлағанын түсінбейді. Айтуынша келіншек сәбидің өкпесі ауырғаннан-ақ балалар ауруханасына барып емделген. Сол жақта бір апта өткенде баланың жағдайы күрт нашарлады дейді. Ол кезде ұлымның тыныстап жатқанын білемін деп отыр. Бірақ бірнеше уақыт өткен соң нәрестенің көз жұмғанын естіпті.

“Баланың жағдайы қалай деді. Қасындағы барлық қыздарға баланың жағдайы жақсы деген. Бір жарым сағаттан соң бала жүріп кетті деген. Егер бала өліп қалған болса, неге бір жарым сағат ем-шара көрсетеді? Және менің тұншықтырып жатқанымды көрді ғой, неге мені оятпайды? Баланы неге алып кетпейді?” – деді сәбидің анасы Ақбота Қарғабаева. 

Ата-анасы қайғылы жағдайға байланысты тәуелсіз сараптама жасатқан. Мамандар қырқынан енді шыққан сәбидің өліміне өкпесіндегі іріңнің жайылып кеткені себеп болғанын анықтаған екен. Оның үстіне мәйітте жарақат та болмаған. Яғни ұлымды абайсызда тұншықтырғаныма дәлел жоқ дейді анасы. 

“Сараптама қорытындысы сол екі өкпесі іріңдеп, миына дейін зақым келген деген. Дұрыс ем қолданбағанның кесірінен. Тұншықты деген ешқандай жауап жоқ ол жерде. И және де маған камераны аштырып беруін сұраймын”, – деп қосты Ақбота Қарғабаева. 

Жас отбасы дәрігерлер өздері жіберген ағаттықты бізден көріп отыр деп есептейді. Ал облыстық балалар ауруханасының басшылары тергеу жүріп жатқандықтан бұл жағдайға қатысты әзірге сұхбат бермеді. Қазір істің мән-жайын полиция тексеріп жатыр. 

“Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Адам өлу дерегімен қылмыстық іс тіркелген. Сол істің аясында тиісті сараптамалар тағайындалған. Қорытындысымен, дәлелдемелердің жиынтығымен тиісті процестік шешім қабылданатын болады”, – дейді Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім басшысы Биқожа Жұмашев. 

Көз жұмған сәби – үйдің екіншісі. Өмірге шекесі торсықтай ұл келгенде қатты қуанған ата-әжесі есімін Ақжол деп ырымдап қойған екен. Ал қазір құзырлы органдарды жағалап жүрген жас жұбайлардың басты талабы тергеушілер тек дәрігерлердің анықтамасына сүйеніп шешім шығармаса екен дейді.

Назархан Уән
Сенбі, 07 Қараша, 2026 08:20