Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы мектепте 13 жастағы қызды пышақтаған оқушы 15 жылға сотталды

Оқиға орны
Фото: Видеодан скрин

Атырауда мектеп дәлізінде 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған 9-сынып оқушысына сот үкімі шықты. Алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық іс бойынша жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға биыл наурыз айында Атыраудағы Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Сол кезде 9-сыныпта оқитын жасөспірім мектепке пышақ алып келіп, 13 жастағы оқушы қызға шабуыл жасаған. Ол жәбірленуші қыздың арқасы мен мойнына бес рет пышақ сұққан.

Денесінің бірнеше жерінен жарақат алған қыз шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы тұрақталып, хирургия бөліміне ауыстырылған.

Бірнеше айға созылған қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен жабық сот отырысында қаралды. Тергеу барысында жасөспірімнің шабуылды алдын ала жоспарлағаны анықталған. Оның жазбаларынан қылмыс жасау туралы бірнеше күн бұрын ойланғаны, тіпті өз ата-анасын өлтіру ниеті болғаны белгілі болды.

Оқиға болған күні жасөспірім алдымен сабақтан кейін үйіне қайтып, сөмкесіне пышақ пен балға салып алған. Кейін мектепке қайта келіп, күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтқан. Осылайша ғимаратқа кірген кезде оның сөмкесі тексерілмеген.

Сот отырысында жасөспірім мен жәбірленушінің бұған дейін таныс болмағаны, сондай-ақ олардың арасында ешқандай жанжал болмағаны анықталды.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, жасөспірім қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің мәнін түсінген және оны басқара алған.

16 жастағы сотталушы сотта оқушылар тарапынан буллинг болғанын айтып, ақталуға тырысқан. Алайда алқа билер ауыр қылыстық әрекет жасаған оқушыны "бұл оны ақтамайды" деп шешкен. Алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық іс бойынша жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Зарема Хамидуллинаның айтуынша, сотталушы кәмелетке толмағандарға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберіледі.

Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына сотталушының заңды өкілінен 30 АЕК, яғни 129 750 теңге көлемінде мәжбүрлі төлем өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Атыраудағы мектепте 9-сынып оқушысы жасөспірім қызды  жарақаттағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 22:52