Шетелге көшкісі келетін қазақстандықтар үшін елден шығу ережелері өзгереді: Нені білу қажет
Қазақстан азаматтары шетелге тұрақты тұруға көшу үшін енді жаңартылған ережелерге сәйкес құжат рәсімдейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі елден тұрақты тұруға кетуге арналған мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне өзгерістер енгізді. Жаңа талаптар құжаттарды жинау мен өтініш беру тәртібін, сондай-ақ қызмет көрсетуден бас тарту негіздерін қамтиды.
Шетелге тұрақты тұруға кету үшін қандай құжаттар қажет?
Жаңартылған ережеге сәйкес, мемлекеттік қызмет Қазақстан азаматтарына, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Құжаттарды eGov порталы арқылы да рәсімдеуге болады.
Қызмет алу үшін мына құжаттарды ұсыну қажет:
- белгіленген үлгідегі өтініш-сауалнама;
- жеке куәлік немесе оның электрондық нұсқасы, Қазақстан азаматының төлқұжаты;
- 16 жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері;
- Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үшін тұруға ықтиярхат, ал азаматтығы жоқ адамдар үшін тиісті куәлік;
- егер өтініш берушінің отбасы мүшелері Қазақстанда тұрақты тұратын болса, алимент төлеу туралы келісім;
- 10 жасқа толған баланың ата-анасымен немесе өзге де заңды өкілдерімен бірге шетелге шығуына қатысты пікірін ескергені туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;
- Қазақстан азаматы 18 жасқа толмаған баласымен бірге ата-анасының біреуімен көшетін болса, Қазақстанда тұратын екінші ата-ананың нотариалды куәландырылған келісімі;
- мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
- Қазақстан аумағында тіркелгені туралы мәлімет болмаған жағдайда тиісті өтініш.
Егер екінші ата-ананың келісімі болмаса, кәмелетке толмаған баланың шетелге тұрақты тұруға шығуына сот тәртібімен рұқсат берілуі мүмкін.

Қандай азаматтарға шетелге көшуге рұқсат берілмейді?
ІІМ бұйрығында мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болатын жағдайлар да көрсетілген. Атап айтқанда, азаматқа мына жағдайларда рұқсат берілмеуі мүмкін:
-
мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия мәліметтерге қол жеткізе алатын болса және шетелге кететіні туралы тиісті уәкілетті органдарға хабарламаса;
- қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған немесе күдікті, айыпталушы ретінде танылған болса;
- қылмыс жасағаны үшін сотталған болса;
- сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарса;
- мерзімді әскери қызметін өтеп жүрсе;
- елден шығуға арналған құжаттарды рәсімдеу кезінде өзі туралы жалған ақпарат берсе;
- азаматтық сот ісін жүргізу барысында жауапкер болса;
- салық берешегі болса;
- атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болса.
Бұл шектеулер тиісті жағдайлар жойылғанға дейін қолданылады. Мәселен, салық берешегі толық өтелгенге дейін немесе сот жүктеген міндеттемелер тоқтатылғанға дейін азаматтың шетелге тұрақты тұруға шығуына рұқсат берілмеуі мүмкін.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
ІІМ-нің тиісті бұйрығы 5 қарашада ресми түрде жарияланды. Құжат 15 қарашадан бастап күшіне енеді.
Жаңа тәртіп шетелге тұрақты тұруға көшуді жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ елде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан шетелге жұмыс істеуге баратын азаматтарды есепке алып, бақылап отыратыны туралы жазған едік.