Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрі адам өлімі ең көп тіркелген жолдарды атады

жол қозғалысы
Фото: pexels.com

Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар тасжолдардағы апаттардан көз жұмады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелерін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында Ержан Сәденов республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, адам өлімі ең көп тіркелген учаске – Жамбыл облысындағы Алматы-Ташкент тасжолы. Мұнда биыл 60 адам қаза тапқан.

Алматы облысындағы Алматы – Бішкек бағытында 33 адам көз жұмған. Алматы – Өскемен тасжолында 12, Алматы – Көкпекті – Көктал бағытында 17 адам қаза тапты. Ақтөбе облысындағы Шымкент – Самара тасжолында 19, ал Ақтөбе – Атырау бағытында 14 адамның өмірі қиылған.

"Қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар жолдардағы апаттарға тиесілі. Адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелерінің қатарында Жамбыл облысындағы Алматы – Ташкент, Алматы облысындағы Алматы – Бішкек, Алматы – Өскемен және Алматы – Көкпекті – Көктал тасжолдары бар. Ақтөбе облысында да Шымкент – Самара мен Ақтөбе – Атырау бағыттарында адам өлімі көп тіркеліп отыр", – деді министр.

Сәденов республикалық жолдардағы қауіпсіздікке жол бойындағы қызмет көрсету орындарының жетіспеуі де әсер етіп отырғанын айтты. Министрдің сөзінше, жүргізушілердің демалып, тамақтануына арналған орындар аз болғандықтан, кейбірі ұзақ жолда аялдамай жүруге мәжбүр.

"Жол бойындағы сервис сапасы айтарлықтай жақсы емес. Кемпингтер мен тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлік жүргізіп, соның салдарынан рөлде ұйықтап кететін жағдайлар болады. Жалпы жолдардың тек 16%-ы заманауи талаптарға сай келеді", – деді Ержан Сәденов.

Министр қауіпсіздікті арттыру үшін бірінші санаттағы, яғни қозғалыс бағыттары бөлінген көпжолақты тасжолдарды көбейту қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, елде осындай 6 мың шақырым жол салу қажет. Мысал ретінде Сәденов Қарағанды мен Алматы арасындағы төрт жолақты магистральді атады. Бұл жол іске қосылғаннан кейін аталған учаскедегі адам өлімі 47%-ға азайған.

Министр Көлік министрлігі мен "ҚазАвтоЖолға" бірінші санаттағы жолдарды салу жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 11:15