17 жасында топтық зорлаудың құрбаны болған қазақстандық әйел Америкадағы қызын тапты
Батыс Қазақстан облысының тумасы Наталья Қалымбетова бүгін Америкадағы қызын тауып, ДНҚ-ның оң нәтиже көрсеткенін айтып, сүйіншіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Натальяның айтуынша, ол оң нәтиже шығатынын білген, алайда қызы қобалжып, күдікпен қарағанын жасырмады.
“Көптен күткен жаңалық. Нәтиже шықты. 99,999999%. Ол менің қызым екенін айттым ғой. Мен оны көргенде қызым екенін бірден білдім. Ол уақымдап, қобалжып тұрды. Оның қолында мен туралы барлық дерек, құжаттарым бар. Мен төлқұжатымды көрді. Ол барлығын өз көзімен көргісі келді. Құттықтап қойсаңыздар болады”, – дейді Наталья.
Ол өзінің алдағы жоспары туралы айтты. Алдағы күндері қызы мен Қытайда оқып жатқан ұлын таныстырмақ.
“Біздің жоспарымыз өзгерді. Америкада қалмаймыз, Нью-Йоркқа бармаймыз. Біз Тайландқа барамыз. Менің ұлым Қытайда оқиды. Ол Тайландқа ұшып келеді. Барлығымыз Пхукет аралында жиналамыз. Мен оларды таныстырғым келеді. Қызым Анжелика ұлыммен танысқысы келеді. 7-8 күндей бір отбасы болып Тайландта демаламыз. Қызым бірінші рет Азияға келгелі тұр. Бірте-бірте үйрете бастаймын, арасында Қазақстанға алып келемін. Жаңа жылды Қазақстанда қарсы алуы мүмкін. Мұндай қиындықты әркім өткере алмас. Бірақ мен еңсердім. Өмір бойы қиналдым, Қызымды өзім таптым. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Барлығын өзім істедім, аудармашысыз, ешкмсіз. Менімен бірге Қазақстан халқы болды. Қолдадыңыздар, көмектестіңіздер. Қызым видеоларымды көріп, бақылап, астында жазған пікірлерді оқиды екен. Қазір қызымды күтіп отырмын. Анамның бұл қуанышты көрмей кеткені өкіншті”, – дейді ол.
Наталья өзін осы уақытқа дейін қолдап келген қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Қазақстандық әйелдің қуанышына ортақтасқан отандастары видеоның астына ақжарма тілегін жазды.
“Сіз үшін қуаныштымын, Наташа”, “Қуаныштан жылап жібердім ғой”, “Алла балаларыңмен ұзақ та бақытты ғұмыр кешуді нәсіп етсін”, “Қуанышыңа ортақпын, сен мықтысың, Алла қолдасын”, “Құтты болсын, Алла бағыңды ашсын”, “Құттықтаймын, балаларыңмен бақытты бол”, – деп жарыс жазды желі қолданушылары.
Олардың арасында бұл жаңалықты асыға күтіп, естігенде жылап жібергендер де бар.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Үшінші ауылында тұрған Наталья Қалымбетова 17 жасында ауыр қылмыстың құрбаны болғанын айтты. Кезінде топтық зорлыққа ұшыраған Наталья Қалымбетова 30 жылдан кейін жан сырын ақтарды. Әйелдің айтуынша, зорлаудан соң туған қызы кейін өзге отбасының қолына өтіп кеткен.