Денсаулық сақтау министрі Ақтаудағы әке мен дәрігер арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрі Ақтауда баланың әкесі мен дәрігер арасында болған жанжалға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері оқиғада екі тараптың да әрекеті заң аясында қаралатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баспасөз мәслихатында журналист әлеуметтік желіде баланың әкесін қолдап жатқандар бар екенін айтты. Ол медицина қызметкерлерін қорғаумен қатар, баласының жағдайына алаңдаған ата-ананың құқығы қалай ескерілетінін сұрады. Министр қызметін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолдануға болмайтынын айтып, оқиғаға тиісті органдар баға беріп жатқанын жеткізді.
"Қызметін атқарып жатқан азаматты келіп ұрып-соғу, жұлқылау дұрыс па? Тиісті органдар өз бағасын беріп жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасы аясында жауапкершілікті күшейту жөніндегі заңға қол қойылды", – деді министр.
Оның айтуынша, тиісті норма сәуірден бастап күшіне енген. Ел бойынша медицина қызметкерлеріне күш қолдану оқиғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Журналист дәрігердің өзі орынсыз әрекет еткен жағдайда ата-ананың құқығы қалай қорғалатынын нақтылады.
"Дәрігер мұндай әрекетке барды деген әзірге дәлел жоқ. Қылмыстық іс барысында дәлелденсе, содан кейін қараймыз", – деді ол.
Осы тақырыпқа қатысты қосымша сұраққа жауап берген медициналық бақылау комитетінің өкілі баланың мүддесін бірінші орынға қою қажет екенін жеткізді.
"Кінәсі дәлелденген тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады. Ата-ананың жауапкершілігі мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Ең алдымен баланың жағдайын ойлау қажет. Екі тараптың да жауапкершілігі қаралады", – деді комитет өкілі.
Оның мәліметінше, балаға аппендицит диагнозы қойылып, ота жасалған. Сондай-ақ комитет өкілі ата-анасы баланы кемінде екі рет ауруханадан өз еркімен алып кеткенін айтты. Ведомство өкілдері медицина қызметкерінің әрекетіне қатысты мәселе де заң аясында қаралатынын жеткізді.
Еске салайық, Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде баласын тексерткен ер адам дәрігерге шабуыл жасап, оны мойнынан қылқындыра ұстаған. Баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмаған. Алайда баланың әкесі аяқпен үстелді теуіп, кенеттен дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең дегенде медицина қызметкерінен ажыратқан.