Қазақстанда науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілер дәріханаларда сатылып келген
Қазақстанда пациенттерге тегін берілуге арналған дәрілердің дәріханаларда сатылғаны анықталды. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, 2026 жылы дәрі-дәрмек айналымымен айналысатын 788 субъектіде заңбұзушылық анықталған. Олардың қатарында тегін дәрілерді сату, препараттарды айналымнан қайталап шығару және шекті бағадан қымбатқа өткізу деректері бар.
"Анықталған заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда он есе өсті. Барлық анықталған дерек бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды", – деді Әлназарова.
Мұндай жағдайларды 2024 жылы енгізілген дәрілерді цифрлық таңбалау жүйесі анықтаған. Әр қаптамаға бірегей код қойылады. Сол арқылы препараттың қозғалысын бақылап, тегін берілуі тиіс дәрінің бөлшек саудаға түскенін көруге болады.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов те тегін дәрілердің науқастарға уақытында жетуі қажет екенін айтты. Оның мәліметінше, дәрімен қамтамасыз етуде "Әлеуметтік әмиянды" пайдалану үлесі 80%-дан асқан.
"Бұл тетікті одан әрі дамыту керек. Дәрінің есебін жүргізумен қатар, пациенттің өзіне тиесілі препаратты нақты алғанына кепілдік берілуі тиіс. Дәрі тапшылығын алдын ала анықтап, препараттарды медициналық ұйымдар арасында жедел қайта бөліп, емдеуде үзіліске жол бермеу қажет. Сатып алынған дәрілер бола тұра, пациенттердің оларды уақытында алмауына немесе өз ақшасына сатып алуына жол беруге болмайды", – деді Бектенов.
Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне дәрінің пациентке берілгенге дейінгі қозғалысын толық цифрлық бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ шекті бағалардың сақталуын қадағалап, тегін қамтамасыз етуге арналған препараттарды заңсыз сатудың жолын кесуді міндеттеді.
Еске салсақ, депутат Асхат Аймағамбетов дәрігерлер тағайындайтын кейбір заманауи препараттардың Қазақстан дәріханаларында жоқ екенін айтқан. Оның сөзінше, науқастар қажетті дәріні шетелден іздеуге немесе бірнеше есе қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Депутат дәрілерді тіркеуді жеңілдетумен қатар, оларды елге жеткізіп, қолжетімді бағамен сатуды қамтамасыз ету қажет екенін атап өткен.
