Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сатылып жатқан арықтататын дәрі "Мунжароның" әлі тексеруден өтпегені белгілі болды

Мунджаро
Фото: mosmedpreparaty.ru

Қазақстанда арықтауға арналған "Мунжаро" препараты сатылымға ұсынылып, жекеменшік клиникалар оны егу қызметіне клиент шақырып жатыр. Алайда Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Әлішерұлы аталған дәрінің әзірге сараптама кезеңінде тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналист "Мунжароның" елде тіркелмегеніне қарамастан, жарнамаланып, қолданылып жүргеніне назар аударды. Ол мұндай дәрілердің елге әкелінуі мен пайдаланылуы қалай бақыланатынын сұрады.

Айта кетсек, интернетте аталған препаратты сатып алу туралы ұсыныстар бар. Ал Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінің сайтында осы дәрімен арықтау курсына жазылуға болады. Онда бір айлық курс пен жекелеген процедуралардың бағалары да көрсетілген.

Сауалға жауап берген комитет төрағасы Қазақстанда тіркеуден өткен пептидтік препараттар бар екенін айтты. Оның мәліметінше, жақында Данияда өндірілген осындай дәрілердің бірі жеделдетілген тәртіппен тіркелген.

"Дамыған мемлекеттерде тіркелген дәрілерді 15 күн ішінде тіркеу тетігі бар. Жақында Данияда өндірілген пептидтік препарат осы тәртіппен тіркеуден өтті. Қазір Ұлттық сараптама орталығында осы топқа жататын басқа препараттарды да тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Бауыржан Әлішерұлы.

Ал "Мунжароның" әлі де сараптамадан өтіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ комитет төрағасы Маңғыстау облысында тіркелмеген пептидтік препараттарды қолданған жекеменшік клиника анықталғанын жеткізді.

"Тіркеуден өтпеген дәрілердің айналымда болуы заңсыз деп есептеледі. Мұндай жағдайлар бойынша тексеру жүргіземіз. Жақында Маңғыстау облысында тіркелмеген пептидтерді қолданған жеке клиника анықталды. Препараттар тәркіленіп, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Алайда "Мунжароны" тіркеу рәсімі қашан аяқталатыны айтылмады. 

Еске салсақ, Алматыдағы "Erensau Mediterra" жеке клиникасында жүрегіне имплант орнатылған 20 жастағы науқасқа шұғыл түрде қайта ота жасалғаны туралы жазған едік. Анасы Ләйлә Рахимбекованың айтуынша, имплант орнынан қозғалып, аортаға түсіп кеткен. Ол жауаптылардың барлығы жазаға тартылуын талап еткен.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 13:44