Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматылық әйел 20 жастағы баласына сәтсіз ота жасалып, жансақтау бөліміне түскенін айтты

 

Фото: Нұртөре Жұмағұл, Stan.kz

Алматыдағы "Erensau Mediterra" жеке клиникасында 20 жастағы науқастың жүрегіне имплант (окклюдер) орнату бойынша ота жасалған. Науқастың анасы Ләйлә Рахимбекованың айтуынша, көп ұзамай имплант орнынан қозғалып, аортаға түсіп кеткен. Бұл жас жігіттің өміріне тікелей қауіп төндіріп, оған шұғыл түрде екінші рет ота жасалды. Ләйлә Рахимбекова жауаптылардың барлығы жазаға тартылуға тиіс деп есептейді. Stan.kz тілшісі зардап шеккен тараптың уәжін тыңдап қайтты.

Окклюдер дегеніміз – жүрекке орнатылатын имплант. Науқастың 19 жасында жүрек пердесінде ақау бар екені анықталған. Ота кезінде қол арқылы қан тамырларына катетер жүргізіліп, имплант жүрекке қолшатыр (зонт) секілді ашылып орнатылады.

Фото: Нұртөре Жұмағұл, Stan.kz

 

Лицензиясыз жасалған оталар мен күмәнді имплант

Ота 2025 жылдың 30 желтоқсанында жасалған. Анасының айтуынша, жүрек имплантын орнатқан дәрігер соңғы екі жылда тиісті лицензиясыз 10-ға жуық ота жасаған.

"Орнатылған имплант Қазақстан аумағында тиісті сертификаттаудан өтпеген, яғни пайдалануға қауіпті болған. Имплант төменгі аортаға түсіп кетіп, баламның өміріне қауіп төндірді", — дейді Ләйлә Рахимбекова.

Анасының сөзінше, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) аталған ота үшін емханаға шамамен 3 миллион теңге төлем жасаған. 2025 жылдың 29 желтоқсанында науқас портал арқылы "Еренсау Медитерра" ЖШС емханасына тіркеледі. Емхана өкілдері жақындарын ота аз инвазивті әдіспен өтетініне, небәрі жарты сағатқа созылатынына және ешқандай қауіп жоқтығына сендірген.

МӘМС қорытындысы
Фото: Stan.kz

"30-ы күні ота жасалып, 31 желтоқсанда емханадан шығамыз, Жаңа жылды үйде тойлаймыз деп ойладық. Бірақ олай болмады. Біз дәрігер емеспіз, көп нәрседен бейхабар болдық. Кейін Фармбақылау мен Медсақтандыру қорының тексерісінен соң, емханада ота алдындағы ешқандай диагностикалық дайындық өтпегені анықталды", — дейді анасы.

"Аяғы жансыз, мұздап қалды": Дәрігерлердің салғырттығы

30 желтоқсанда жасалған ота асқынулармен өткен. Сағат 11-де науқасты палатаға ауыстырғанда, дәрігерлер жағдайы қалыпты екенін айтқан. Алайда Ләйлә Рахимбекова ұлының бойынан оғаш белгілерді байқайды.

"Ұлымның аяқтары жансыз, мұздап қалды. Еш қозғалмады. Мен мұны дәрігерлерге төрт реттен көп айтып ескерттім. Олар мұндай жағдай наркоздан кейін болады, қалыпты жағдай деп сендірді", – дейді кейіпкеріміз.

Фото: Нұртөре Жұмағұл, Stan.kz

Рахимбеованың айтуынша, фармбақылау қорытындысына сәйкес, орнатылған окклюдердің мөлшері қате таңдалған. Анықталғандай, бұл құрылғы Қытайда өндірілген болып шықты. Соның салдарынан имплант орнынан түсіп кетіп, аяққа баратын қан жолдарын жауып қалған.

"Өміріне аса үлкен қауіп төнді. Егер мен дер кезінде байқамағанда, ол кез келген сәтте о дүниелік болып кетуі мүмкін еді", – дейді Рахимбекова.

Полиция іс қозғады, бірақ жәбірленушілер қысым көруде

Анасының қайта-қайта ескертуінің арқасында 5 сағат өткен соң шұғыл түрде екінші ота жасалды. Науқас жансақтау бөліміне түсіп, ота екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Қазір Медеу аудандық полиция басқармасы аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы 1-бөлігімен (Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) қылмыстық іс қозғады. Фармбақылау департаменті ота жасаған дәрігердің тиісті сертификаты болмағанын растап отыр.

"31 желтоқсанда, отаның келесі күні ұлымның аузы көгеріп кеткенін көрген соң бірден арыз жаздым. Ол жұта алмай қалды. "102" арқылы полиция шақырдым. Прокуратура бұл жағдайды жеке бақылауға алды", – дейді әйел.

Фото: Нұртөре Жұмағұл, Stan.kz

Алайда Рахимбекова қысым көріп жатқанын да жасырмады. Ол медицина қызметкерлеріне құрмет танытпағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Науқастың анасы істің созбалаңға салынып, жабылып қалуы мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың МӘМС-ке шағымдарынан кейін клиникадан заң бұзушылықтар табылып, мекемеге 33 миллион теңге айыппұл салынған.

Медеу аудандық полиция басқармасында 2026 жылғы 21 ақпанда қылмыстық іс қозғалғанын адвокат Әлім Мұстапаев хабарлады.

"Қазіргі кезде барлық тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Біз тергеудің объективті әрі толық зерттеліп, процессуалды заңды шешім шығарылатынына үміттіміз", – деді қорғаушы.

Әлім Мұстапаев

Фото: Нұртөре Жұмағұл, Stan.kz

 

UPD:

 

Stan.kz ақпарат агенттігіне Erensau Hospital клиникасының директоры Бақыт Саякова ресми жауап берді. Емхана басшылығы тағылған айыптарды теріске шығарады.

"Бұл — медициналық тәуекел"

Емхана басшысының айтуынша, науқас ота алдында үш бірдей медициналық ұйымнан, соның ішінде республикалық деңгейдегі мекемеден кешенді диагностикадан өткен. Бақыт Саякова отадан кейінгі асқынуды "дәрігерлік қателік" емес, "белгілі медициналық тәуекел" деп түсіндірді.

"Ірі клиникалық зерттеулер мен мета-талдауларға сәйкес, жүрекшелер арасындағы қалқадағы ақауды жабу кезінде окклюдердің дислокациясы (миграциясы) 0,3–2,2% жағдайда кездеседі. Бұл — осы емдеу әдісіне тән белгілі тәуекелдердің бірі. Көп жағдайда (60–80%) окклюдердің миграциясы имплантациядан кейінгі алғашқы сағаттарда дамиды. Таңдалған емдеу тактикасы халықаралық клиникалық тәжірибеге толық сәйкес келеді", — деді клиника директоры.

Тексеріс нәтижесі: "Емдеу бөлімі бойынша кінә жоқ"

Клиника директоры жәбірленуші тараптың шағымы бойынша ішкі тексеру жүргізілгенін және оның нәтижесінде медициналық көмек көрсету кезінде ешқандай заң бұзушылық белгілері табылмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бұл жағдайды Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де тексерген.

"Тексеру қорытындысы: медициналық ұйымға қатысты шағым емдеу бөлімі бойынша негізсіз деп танылды. Окклюдердің миграциясы дер кезінде анықталып, кейінгі тамырлық және кардиалдық асқынулар тіркелген жоқ", — делінген хабарламада.

Емхана жауабы

 

 

Клиника басшысы Комитет қорытындысына сүйене отырып, импланттың жылжып кетуін барлық талаптар сақталған күннің өзінде толықтай болдырмау мүмкін емес қауіп деп атады.

"Осылайша, окклюдердің миграциясы түріндегі асқыну аталған әдіске тән белгілі тәуекелдердің қатарына жатады және барлық белгіленген талаптар сақталғанның өзінде оны толықтай болдырмау мүмкін емес. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда ашық хирургиялық араласуға көшу қажеттілігі туындауы мүмкін",— деді Бақыт Саякова. 

Емхана басшылығы қазіргі уақытта Медеу аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалғанын растады. Алайда, сотқа дейінгі тергеу құпиялылығына байланысты өзге ақпаратты жариялаудан бас тартты. Сонымен қатар, емхана әкімшілігі БАҚ өкілдерін іскерлік беделге нұқсан келтіретін тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырды.

Редакция оқиға барысын бақылауда ұстайды.

Stan.kz
Жұма, 17 Сәуір, 2026 18:30