Қазақстанда айыппұлдан түскен 194,7 миллиард теңге қайда жұмсалады?
Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 277,7 миллиард теңгеге әкімшілік айыппұл салынған. Оның 194,7 миллиард теңгесі өндірілді. Бұл қаражаттың барлығы бірдей жол жөндеуге немесе заңбұзушылықтың салдарын жоюға жұмсалмайды. Ақшаның қайда бағытталатынын экономист Руслан Сұлтанов түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ең көп айыппұл Алматыда салынды
Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың үшінші тоқсанында ең көп сомадағы айыппұл Алматыда салынған. Қаладағы айыппұл көлемі 15 миллиард теңгеге жетті. Одан кейін Астана – 14,3 миллиард теңге, Түркістан облысы – 10,3 миллиард теңге тұр. Алматы облысында 8,7 миллиард теңге, Ақтөбе облысында 5,9 миллиард теңге, Шымкентте 5,5 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда айыппұл сомасы 442 миллион теңге болған. Бұл Алматыдағы көрсеткіштен шамамен 34 есе аз. Алайда бұл Алматы тұрғындары басқа өңірлерге қарағанда жиі заң бұзады дегенді білдірмейді. Айыппұл көлеміне халық саны, көлік саны, тексеріс қарқыны және заңбұзушылықтың сипаты әсер етеді.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, бір компанияға салынған ірі айыппұлдың өзі өңірдің жалпы статистикасына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Сондықтан аймақтарды тек айыппұл сомасына қарап салыстыру дұрыс емес.
Айыппұлдан түскен ақша қайда кетеді?
Айыппұлдан жиналған қаражат жергілікті және республикалық бюджеттерге түседі. Оның қай бюджетке бағытталатыны айыппұлдың түрі мен Бюджет кодексіндегі талаптарға байланысты.
Экономистің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында жергілікті бюджеттерге “айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар” санаты бойынша шамамен 199,5 миллиард теңге түскен. Алайда бұл ақшаның барлығы айыппұл салынған нақты заңбұзушылықты жоюға жұмсалмайды. Мысалы, жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін 43 250 теңге айыппұл төлесе, бұл қаражат міндетті түрде сол жолды жөндеуге бағытталады деген сөз емес. Ақша бюджетке түсіп, кейін жалпы шығындар жоспарына сәйкес жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, коммуналдық инфрақұрылым және әлеуметтік бағдарламалар сияқты түрлі бағыттарға жұмсалуы мүмкін.
“Айыппұл нақты бір жерге жұмсалады деуге келмейді. Сіз төлеген 43 мың теңге үйіңіздің жанындағы жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге кетті деп айта алмаймыз”, – деп түсіндірді Руслан Сұлтанов.
Айыппұл бюджет толтыру үшін салына ма?
Экономистің пікірінше, бюджетке түскен айыппұл көлемінің көп болуы азаматтардың тәртібі немесе мемлекеттік бақылаудың тиімділігі туралы өздігінен қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.
Айыппұлдың негізгі мақсаты – бюджетке ақша жинау емес, заңбұзушылықтың алдын алу. Ал мемлекет жиналған қаражатты нақты нәтижеге, соның ішінде жол қауіпсіздігін жақсартуға, көшелерді жарықтандыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағыттауы керек.
“Мемлекет ақша таппайды. Ол сіздердің өздеріңіз тапқан қаражатты басқарады”, – деді экономист.
Айта кетейік, бұған дейін алматылық өзіне төрт рет қате айыппұл салынғанына шағымданды.
Қазақстандық бір кездері бәліш сатып, бүгінде жасанды интеллект көмегімен миллиондаған табыс тауып отыр
