"Сергек" камералары жеңіл көлік пен автобусты шатастырып алған: Алматылық өзіне төрт рет қате айыппұл салынғанына шағымданды
Алматы тұрғыны "Сергек" камераларының жұмысындағы ақауға шағымданды. Полиция қателікті растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адамның айтуынша, соңғы уақытта автобус жолағымен жүргені үшін төрт рет айыппұл алған. Алайда құқықбұзушылықты тіркеген фото мен бейнежазбаларда өзінің BMW көлігі емес, автобус бейнеленген.
Алматылық Instagram парақшасында камералар түсірген материалдар мен өзіне келген айыппұлдардың жазбасын жариялады. Оның сөзінше, мемлекеттік нөмірлердегі таңбалардың ұқсастығына байланысты жүйе көлігін автобустың нөмірімен шатастыруы мүмкін.
"Соңғы уақытта автобус жолағымен жүргенім үшін төрт айыппұл алдым. Бүгін сағат 09:14-те тағы біреуі келді. Видео мен фотофиксацияда автобус тұр. Ал менде BMW. Өкінішке қарай, нөмірлеріміз өте ұқсас, сондықтан “Сергектің” жасанды интеллекті оларды әрдайым ажырата алмайды", – дейді ер адам.
Жүргізушінің айтуынша, қате айыппұлдарға байланысты полицияға жүгініп, әрбір қаулыға шағымдануға уақыт жұмсауға мәжбүр болған.
Алматы қалалық полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Полицияның мәліметінше, BMW маркалы автокөлікке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы нұсқама мемлекеттік тіркеу нөмірін дұрыс танымау салдарынан қате тіркелген.
"Әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 741-бабына сәйкес нұсқаманың күші жойылды", – делінген полиция хабарламасында.
Осылайша, полиция жүргізушінің шағымына жауап беріп, қате рәсімделген айыппұлдың күшін жойғанын растады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кей жүргізушілерді айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыру ұсынылғаны туралы жазған едік.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
