Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кей жүргізушілерді айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыру ұсынылды

ПДД
Фото: pexels.com

Қазақстанда жол ережесін жиі немесе өрескел бұзатын жүргізушілерді айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыру ұсынылды. Сонымен қатар мұндай жүргізушілер үшін әр келесі айыппұлдың көлемін бірнеше есе арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жолдағы тәртіпке қатысты талаптарды күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жүргізушілер арасында қоғамдық көлік жолағымен жүру, қос тұтас сызықты кесіп өту және жылдамдықты шамадан тыс арттыру сияқты құқық бұзушылықтар әлі де жиі кездеседі.

"Жол ережесін қасақана және қайта-қайта бұзатын жүргізушілерге қатысты тәсілді қайта қарау қажет. Мұндай адамдарға айыппұлды жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік бермеу керек. Керісінше, тәртіп бұзушылық санына қарай айыппұл көлемі бірнеше есе өсуге тиіс", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне басқа елдерде қолданылатын баллдық жүйені зерделеп, оны Қазақстанда енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Кейін Үкіметтегі брифингте ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха 50% жеңілдіктен нақты кімдер айырылуы мүмкін екенін түсіндірді.

"Бұл мәселені Мәжіліс жұмыс істеп тұрған кезде де көтергенбіз. Жол ережесін жаппай бұзатын, айыппұлы миллион теңгеден асып кеткен адамдар бар", – деді ол.

 

Лепеханың айтуынша, мұндай жүргізушілерге белгілі бір шек белгілеу ұсынылуы мүмкін. Бірақ оның нақты мөлшері әзірге бекітілмеген.

"Мысалы, бір жыл ішінде 10 рет ереже бұзу немесе бес өрескел құқық бұзушылық болуы мүмкін. Осыдан кейін қандай да бір тоқтау болуы керек", – деді вице-министр.

Ол бұл бастама әзірге талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Ішкі істер министрлігі мәселені жаңа Құрылтайда қайта көтеруді жоспарлап отыр.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 12:37