20 балл жинаса жүргізуші куәлігінен айырылады: Қазақстанда жол ережесін бұзғандарға жаңа бақылау жүйесі енгізілмек

Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер үшін енді жаңа балдық жүйе енгізілмек. Онда бір жыл ішінде 20 балл жинағандар 12 айға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жол ережесін бұзуды бақылаудың жаңа балдық жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жаңа тәртіпке сай, әрбір құқықбұзушылық үшін жүргізушілерге айыппұлмен бірге 1-ден 3 балға дейін қосымша есептеледі. Балл көлемі бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді, ал деректер Бас прокуратураның әкімшілік істер жөніндегі бірыңғай базасынан алынады.
“Бұл жүйе негізінен жазалау үшін емес, жүргізушілерді тәртіпке үйрету үшін енгізілуге тиіс. Жүргізуші балл шегіне жақындағанын сезгенде, өз әрекетіне ойланып, "неге ережені бұзып жүрмін?" деген сұрақ қоюы керек. Қазір Алматыда көліктердің веложолақтар мен автобус жолақтарына қойылуы жиі кездеседі. Балдық жүйе енгізілсе, жол ережесін сақтау деңгейі артады деп болжанып отыр”, – деді автосарапшы Алексей Алексеев.
Жоба әзірге сынақ режимінде болғандықтан, 20 балға жеткен жүргізушілерге ешқандай шектеу қолданылып жатқан жоқ. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты.
Сонымен қатар министрлік мәліметінше, айыппұл балдары тек сот шешімі немесе тиісті қаулы күшіне енгеннен кейін ғана есепке алынады. Бұл жүргізушілерге шешіммен келіспеген жағдайда оны сот арқылы даулауға мүмкіндік береді.
Ал ұсынылып отырған тәртіп бойынша, бір жыл ішінде 20 балл жинаған жүргізуші 12 айға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Қазір бұл жағдайда қайта емтихан тапсыру мәселесі талқыланып жатыр.
“Бұл кезеңде 20 балға жеткен азаматтарды анықтау немесе оларға құқықтық шара қолдану жүзеге асырылмайды. Барлық нәтиже тек жүйенің жұмыс қабілетін бағалау үшін қолданылады”, — деді ол.
Жобаны толық енгізу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, бүгінде көп жүргізуші айыппұлды ережені бұзуды жалғастыруға болатын "ақылы рұқсат" ретінде қабылдайды.
“Қазір әкімшілік айыппұлдардың бір бөлігі алдын алу қызметін толық атқармай отыр. Қаржылық мүмкіндігі бар кей жүргізушілер үшін ол тек "тәуекел құнына" айналған. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер етеді”, – деді ол.
Балдық жүйені енгізу туралы түпкілікті шешім пилоттық жоба аяқталғаннан кейін қабылданады.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз