Депутат мас жүргізушілерді көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқартуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин мас күйде көлік жүргізгендерге қолданылатын жазаны жеңілдету мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, мас күйде көлік жүргізгені үшін қолданылатын жазаға қатысты азаматтардан көптеген шағым түсіп жатыр.
Оқыңыз“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл бап бойынша мас күйде көлік жүргізген азаматтар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Біз бұл мәселені қарастыру үшін министрлікке бірнеше рет жүгіндік. Оның ішінде рақымшылық мәселесін талқылау барысында да көтердік”, – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе қоғамда да, gарламент қабырғасында да қызу талқыланып жатыр.
“Бірі жазаны жеңілдетуге қарсы болса, енді бірі қолдайды. Мен бұл бап бойынша толық рақымшылық жасауды ұсынып отырған жоқпын. Бірақ жазасының жартысынан көбін өтеген азаматтар үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін, 4 жылға дейін қысқартуға болар ма еді? Осыған қатысты пікіріңізді білгім келеді”, – деді ол.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов министрліктің бұл мәселедегі ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.
“Бұл бағытта қандай да бір жеңілдік жасауға болмайды. Алкоголь немесе есірткілік масаң күйде көлік басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Оған қоса ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналады”, – деді ол.
Әділов әкімшілік рақымшылық сот шешімдерінің күшін жоймайтынын айтты.
“Әңгіме тек айыппұлдарды есептен шығару туралы болып отыр. Статистикаға тоқталсақ, биыл бес айда мас жүргізушілердің кінәсінен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 212 адам жарақат алды. Ал өткен жылы мұндай 673 жол апаты болып, 56 адам көз жұмды. Олардың арасында бір бала бар. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің жұмысы мас күйде көлік жүргізуге мүлдем төзбеушілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған”, – деді Санжар Әділов.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында мас күйде жол апатын жасаған жүргізуші 1,5 жылға ғана сотталғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр