Атыраудағы бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева ем алған соң балаларымен кездесті
Әлеуметтік желіде Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық денсаулық орталығынан шыққаннан кейін балаларымен кездескен сәті түсірілген видео пайда болды. Атырау облысының Жангелдин ауылында қайғылы жағдайды бастан өткерген әйел қазір туыстарының жанында, ол әлі оңалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан Ақбаянның балаларымен бірге уақыт өткізіп отырғанын көруге болады. Ұзақ уақыт ем қабылдаған әйел үшін бұл кездесу маңызды болды. Туыстарының айтуынша, балаларымен араласуы оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп жатыр.
Ақбаян ауруханадан шыққаннан кейін туысының үйіне орналасқан. Жақындары оған қамқорлық көрсетіп, әрі қарайғы оңалу кезеңінен өтуіне көмектесіп жатыр. Туыстары оның жағдайы жақсы деп отыр. Қазір бастысы әйелдің біртіндеп қалпына келуі және қалыпты өмірге оралуы.
Сонымен қатар Ақбаянға ата-анасы, ағасы мен әпкесінің қайтыс болғаны әзірге айтылмаған. Жақындары бұл қайғылы жағдай туралы хабар оның психологиялық жағдайына ауыр соққы болуы мүмкін дейді. Сондықтан оған болған оқиғаны қашан және қалай айту керектігі оның жағдайын ескере отырып шешіледі.
Туыстарының айтуынша, қазір Ақбаянның ең басты тілегі – балаларымен бірге болу. Алдағы уақытта ол балаларымен бірге тұрып, біртіндеп өз бетінше өмір сүруге оралғысы келеді.

Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Еске салсақ, тұтас бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталған еді.
"Жұмыстан шығаруға негіз емес": Астанада туристің видеосынан кейін жұмыстан қуылған полицейлерге қатысты заңгерлер пікір білдірді