Бүтін бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды

Атырау облысында төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті Жаңатілек ауылындағы бір отбасының төрт мүшесін өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Бұдан бөлек, сот оны алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.
Сот процесі бірнеше айға созылды.
Ал оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында оның ата-анасы, інісі мен қарындасының өлтірілгенін жасырды деген күдікті дәлелдейтін жеткілікті айғақтар табылмаған.
ОқыңызОқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме