"Бәрін балаларым үшін жасадым": Сәрсемәлиев соңғы сөзінде кінәсін мойындап, соттан екінші мүмкіндік сұрады

Сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев соңғы сөзінде тағылған айыптарды толық мойындайтынын айтып, өз әрекетінің себебін отбасын сақтап қалу үшін болған күреспен байланыстырды. Сондай-ақ ол мемлекеттен өзіне емес, бала-шағасы үшін екінші мүмкіндік беруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев соңғы сөзінде өз әрекетін ақтауға емес, сотқа өз шындығын жеткізуге келгенін айтты. Оның сөзінше, тергеу мен сот барысында тек объективті шындықты баяндауға тырысқан.
“Мен бұл сот процесінің басынан бері өзімді ақтау үшін де, біреуді қаралау үшін де сөйлеген жоқпын. Бар айтқаным – тек өзім білетін шындық. Ешкімге нақақтан қастандық жасағым келген жоқ, осы сөзімді өмір бойы айтып өтемін. Бұл ақиқатымды сіздердің алдарыңызда да, Құдайдың алдында да қайталауға дайынмын”, – деді Сұлтан Сәрсемәлиев сот отырысында.
Сотталушы қылмысқа отбасы үшін күресуі мен жиналған күйзеліс себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай уақыт өте бақылаудан шығып кеткен.
“Барлық қатем – отбасымды сақтап қаламын деген ниеттен басталды. Әйелім мен бала-шағамнан айырылып қалудан қорқып, соңына дейін күрестім. Ішімде жиналған ашу мен күйзеліс уақыт өте күшейіп, осындай ауыр жағдайға алып келді. Мұның соңы мұндай қайғылы оқиғамен аяқталатынын өзім де болжаған жоқпын”, – деді ол.
Соңғы сөзінде сотталушы тағылған айыптарды мойындайтынын айтып, жазаға қарсылығы жоқ екенін жеткізді. Сонымен бірге ол мемлекеттен өз балалары үшін жеңілдік сұрады.
“Қолыммен істеген ісімді толық мойындаймын, тағылған баптарға да қарсылығым жоқ. Мемлекет қандай жаза тағайындаса да қабылдауға дайынмын. Бірақ егер мемлекет ізгілік пен мейірімділік қағидатын ұстанса, маған екінші мүмкіндік беруін сұраймын. Бұл өтінішті өзім үшін емес, ата-анам мен бала-шағам үшін айтып отырмын”, – деді Сұлтан Сәрсемәлиев.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевті екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен өлтірді, аса ірі көлемдегі ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы және құжаттарды заңсыз алып қою, жою және жасыру баптары бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді