Қазақстанда алты криптобиржаның қызметіне тыйым салынды
Қазақстанда алты криптоплатформаға цифрлық активтер қызметін көрсетуге, ұсынуға және жарнамалауға тыйым салынды. Шектеу BingX, Bitcoin.com, Huobi Global, BitMart, Coinbase және WEEX платформаларына қатысты. Сонымен қатар Google Play мен App Store дүкендерінің операторлары аталған сервистердің қосымшаларын Қазақстан аумағында бұғаттауға тиіс. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қандай криптобиржаларға тыйым салынды?
"Астана" халықаралық қаржы орталығының соты тиісті шешімді 2026 жылғы 15 қыркүйекте қабылдады. Шектеу Қазақстанда тиісті лицензиясыз жұмыс істеген алты криптоплатформаға қатысты.
Бастапқыда тізімде LBank платформасы да болған. Алайда 18 қыркүйекте компания Қазақстандағы қызметін өз еркімен шектегендіктен, сот оған қатысты шешімін өзгертті.
Сот шешіміне сәйкес, Google мен Apple компаниялары өздерінің Google Play және App Store қосымша дүкендерінде аталған платформалардың Қазақстандағы пайдаланушыларға қолжетімділігін шектеуі керек.
Неге криптобиржаларға тыйым салынды?
АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің мәліметінше, лицензиясыз цифрлық активтер қызметін көрсету қаржы нарығын реттеу жүйесіне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар мұндай платформалар лицензиямен жұмыс істейтін компаниялармен тең емес жағдайда бәсекелеседі.
Ресми лицензиясы бар компаниялар клиенттерді тексеруге, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыруға қарсы шараларға қаражат жұмсайды. Ал лицензиясыз платформалар бұл талаптарды орындамай, бәсекелестік артықшылыққа ие болуы мүмкін.
АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, лицензиясыз криптоплатформаларға қарсы жұмыс 2025 жылы басталған. Сол кезде реттеуші АХҚО талаптарын түсіндіру үшін 20-дан астам платформаға жазбаша ескерту жіберген.
2026 жылдың басында AFSA лицензиясыз қызметін жалғастырған платформаларға қатысты сотқа жүгінген. Нәтижесінде тоғыз криптоплатформа Қазақстандағы пайдаланушылар үшін өз қосымшаларына қолжетімділікті ерікті түрде шектеп, реттеуші оларға қатысты талаптарын кері қайтарып алған. Тағы жеті платформа цифрлық активтер айналымын ұйымдастыруға лицензия алуға ниет білдірген.
Алты платформаға қатысты сот шешімі негізінде қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеу шаралары қолданылады.
Криптобиржаны пайдаланушылар нені білуі керек?
АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті лицензиясыз платформалар реттеушінің бақылауында болмайтынын ескертеді. Мұндай сервистерді пайдаланған азаматтардың активтері тиісті деңгейде қорғалмауы мүмкін. Сондай-ақ дау немесе шағым туындаған жағдайда олардың құқықтарын қорғау қиынға соғуы ықтимал.
Сондықтан криптовалюта сатып алмас бұрын платформаның АХҚО-дан лицензиясы бар-жоғын тексерген жөн. Рұқсат алған компаниялардың тізімі АХҚО-ның ресми сайтында жарияланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарына жиналған қаражаттың кемінде 80%-ын бір жыл ішінде қайырымдылық мақсаттарына жұмсау талабы енгізілгені туралы жазған едік.
Төрт баласымен Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақ отбасы шетелдегі өмірі жайлы айтты
