Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді импорт бойынша қосылған құн салығын цифрлық теңгемен төлеуге болады

Есеп
Фото: gov.kz

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік құжаттар бөлігінде МКК ақпараттық жүйелерін Цифрлық теңге платформасымен интеграциялау жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жұмыстар биылғы жылдың басынан бері Платформаның Ұлттық операторы – "Ұлттық төлем корпорациясы" АҚ-мен "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-мен бірлесіп жүргізілген.

Іске асырылған тетік пилоттық жобаға қатысушыларға тауарларға декларациялар (ТД) мен тауарларды әкелу туралы өтініштер (ТӘӨ) бойынша импорт кезіндегі қосылған құн салығын бюджетке цифрлық теңге арқылы төлеуді бастауға мүмкіндік береді.

Кедендік жүйелердің Цифрлық теңге платформасымен тікелей өзара іс-қимылы МКК ақпараттық жүйелерінің төлем мәртебесін нақты уақыт режимінде алуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, кедендік декларацияны автоматты түрде төлеу тетігі іске асырылды, бұл оның шығарылуын жеделдетеді.

Мұндай тәсіл көшірмелер бойынша мерзімдік салыстыруды МКК мен Платформа жүйелері арасындағы төлем мәртебелерімен тікелей алмасумен алмастырады, бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға түсетін әкімшілік жүктемені төмендетеді. Нәтижесінде шекарада күту уақыты қысқарады және кедендік өткізу пункттеріне түсетін жүктеме азаяды.

Цифрлық теңге платформасы жаңа буын инфрақұрылымы ретінде өзін көрсетті: төлемдердің бағдарламалануы, қаражаттың қадағалануы және мемлекеттік органдар мен қаржы секторы арасындағы үздіксіз өзара іс-қимыл.

Жобаны іске асыруға екінші деңгейлі банк "Қазақстан Халық Банкі" АҚ ерекше үлес қосқан, ол өз жүйелерінің техникалық дайындығын және Платформамен синхрондалуын қамтамасыз етті. Оның төлем инфрақұрылымының жетілуі және қызметтерді пысықтау кезіндегі команданың жеделдігі тетікті қысқа мерзімде іске қосуға және оның жұмысқа қабілеттілігін нақты операцияларда растауға мүмкіндік берді.

Жаңа тетік "Бюджеттен қосылған құн салығын қайтару" ("Цифрлық ҚҚС") жобасын экспорттаушыдан импорттаушыға дейінгі тұтас тізбек бойынша кеңейтуге негіз болады. Бұл операциялардың ашықтығын арттыруды, ҚҚС қайтарымын жеделдетуді және ҚҚС әкімшілендірудің одан әрі автоматтандырылуын қамтамасыз етеді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 19:18