Абайлаңыз, "қара риэлтор": Алматыда зейнеткерлердің баспанасын тартып алуға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр
Алматыда қарт адамдардың баспанасын тартып алуға байланысты бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр. Биыл 81 жастағы зейнеткерді ұрлап, пәтерін беруге мәжбүрлегендер сотқа жіберілді. Ал жуырда 61 жастағы ер адамды өлтіруге қатысы бар күдіктілер ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың арасында бөтеннің мүлкін рәсімдеуге қатысқандар да бар. Мұндай қылмыстардың алдын алу және қарт адамдардың баспанасын қорғау жолдары маңызды мәселеге айналып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Қара риэлторлар мәселесі көбіне ірі қалалар мен экономикалық белсенді өңірлерде кездеседі. Мұндай қылмыстық топтардың басты нысанасына көбіне жалғыз тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдар ілігеді. Себебі олардың жағдайын бақылап, қорған болар жақындары болмауы мүмкін.

Алматы тұрғыны Майза Рахматуллина ұзақ жылдар бойы адамдарға көмектесіп, зейнеткерлермен және ардагерлермен араласқан. Оның айтуынша, баспанасынан айырылған адамдар туралы оқиғалар аз емес. Өзі де жалғыз тұратындықтан, жөн-жосықсыз сұрақ қойып, күдік тудыратын бейтаныс жастардан қауіптенеді.
“Жастар жиі келіп, “Туыстарыңыз бар ма?” деп сұрайды. Өйткені олар қарт адамдарды аңдып жүреді. Әлеуметтік қорғау органдарында кімнің жасы ұлғайғаны туралы тізімдер бар. Жасы келген адамдарды бірден бақылауға алады. Қазір жағдай осындай болып тұр. Тіпті қорқынышты”, – дейді ол.
Алматыдағы зейнеткерлердің алаңдауына негіз де жоқ емес. Қалада баспана үшін жасалған қылмыстарға қатысты бірнеше ірі іс болған. Соның бірінде 2006–2012 жылдары тоғыз адамды өлтірген қылмыстық топтың ұйымдастырушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал былтыр аяқталған тағы бір істе 22 адам сот алдында жауап берді. Қылмыстық топ мүшелері үш жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Іс материалдарында 30-ға жуық пәтер аталды.
“Жалпы, қара риэлторлар мәселесі Алматыға аса тән құбылыс емес. Дегенмен 2010–2015 жылдары адамдарды өлтіріп, олардың баспанасын иемденумен айналысқан бірнеше қылмыстық топ болған. Бұл – көптеген эпизодтан тұратын қылмыстық іс. Күдікті сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.
Биыл сәуірде Алматыда баспанаға байланысты алаяқтық тағы бір қайғылы оқиғаға ұласуға шақ қалды. 81 жастағы зейнеткер жоғалып кетіп, оның танысы полицияға хабар берген. Кейін ер адам Алматы облысынан табылды. Белгілі болғандай, үш белгісіз адам зейнеткерді ұрлап әкетіп, баспанасын өздеріне беруге мәжбүрлеу үшін ұрып-соққан. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тағы бір резонансты оқиғаға қатысты жаңалықтар да жақында тарады. Бір апта бұрын Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің бейнебақылау камерасына 61 жастағы ер адамды ұрлаған сәт түсіп қалған. Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілерді көп ұзамай ұстады. Өкінішке қарай, ер адамды өлтіріп кеткен. Сонымен қатар оның пәтерін бөтен адамдардың атына рәсімдеуге және сатып алуға қатысқандар да ұсталды.
Мұндай жағдайдан қалай қорғануға болады?
Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, нотариус құжатқа қол қоятын адамның шешімді өз еркімен қабылдап отырғанына көз жеткізуі керек
“Адамның құжатқа өз еркімен қол қойып отырғанына көз жеткізу үшін нотариус онымен оңаша сөйлесуі керек. Мысалы, жасы үлкен адамды бір ірі денелі ер адам ертіп келіп, “Пәтерін сатқысы келеді, тезірек рәсімдейік” деп асықтырса, нотариус алдымен әлгі адамнан кабинеттен шығуын сұрауы керек. Содан кейін қарт адаммен асықпай, мұқият сөйлесіп, оған қысым көрсетіліп жатқан-жатпағанын анықтағаны жөн. Күдік тудыратын жағдай болса, нотариус рәсімді тоқтатып, құжаттарды куәландырудан бас тартуы керек”, – дейді заңгер Сергей Уткин.
Мамандардың айтуынша, егер сенімхатпен келген өкіл пәтер иесімен тікелей байланысуға мүмкіндік бермесе, бұл күдік тудыруы тиіс. Сонымен қатар баспананың бағасы нарықтағы құнынан әлдеқайда төмен болса, мәмілені мұқият тексерген жөн.
Бұдан бөлек, қарт туыстардың үйіне жиі барып, кімдермен араласатынын біліп, оларды назардан тыс қалдырмау маңызды. Кейде жақындарына көрсетілген қарапайым қамқорлықтың өзі қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін.
“Қара риэлторлар” деген кімдер?
“Қара риэлторлар” деп өзгенің жылжымайтын мүлкін алдау, қорқыту, қысым көрсету немесе күш қолдану арқылы иемденетін қылмыскерлерді атайды. Олардың кейбірі өздерін жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін делдал ретінде көрсетсе, басқалары заңгерлермен, нотариустармен немесе өзге мамандармен байланыс орнатқан.
Мұндай топтардың көздейтіні — баспанасы бар, бірақ өз мүлкін қорғауға мүмкіндігі шектеулі адамдар. Қылмыскерлер олардың жалғыз тұратынын, туыстарымен араласпайтынын, денсаулығының нашар немесе ішімдікке тәуелді екенін пайдаланады.
Қазақстанда бұл атаумен белгілі болған істердің бәрі бір қылмыстық топқа қатысты емес. Әр жылдары Алматыда, Қостанайда және Қарағанды облысында бір-бірінен бөлек қылмыстық топтар анықталған. Олардың кейбірі адамдарды алдап, баспанасын тартып алса, енді бірі пәтерді иемдену үшін адам өлтіруге дейін барған.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде түсірілген бейнежазба тараған еді. Ондағы басына пакет оралған адамның 61 жастағы ер адам екені белгілі болды. Кейін оның өліміне қатысты төрт күдікті ұсталды. Олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені мәлім болды.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты