Некеге тұрып, үйін иемденіп, өзін өлтірген: Қазақстанда "қара риэлторлар" қалай әрекет етеді
Біреудің сеніміне кіріп, баспанасын иемдену. Сосын оны жалған құжатпен сатып, жолына кедергі болған адамды өлтіру. Қазақстанда осындай схема бойынша әрекет еткен бірнеше қылмыстық топ әшкереленді. Олардың құрбаны көбіне жалғызбасты қарттар, мүгедектігі бар азаматтар мен әлеуметтік осал топ өкілдері болған. Қылмыскерлердің бірі заңгерлер мен нотариустардың көмегіне жүгінсе, енді бірі құрбандарын алдап, тіпті некеге тұру арқылы сеніміне кірген. Stan.kz елді дүр сілкіндірген “қара риэлторлар” ісін жинақтап, қылмыскерлердің қалай әрекет еткенін анықтады.
“Қара риэлторлар” деген кімдер?
“Қара риэлторлар” деп өзгенің жылжымайтын мүлкін алдау, қорқыту, қысым көрсету немесе күш қолдану арқылы иемденетін қылмыскерлерді атайды. Олардың кейбірі өздерін жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін делдал ретінде көрсетсе, басқалары заңгерлермен, нотариустармен немесе өзге мамандармен байланыс орнатқан.
Мұндай топтардың көздейтіні — баспанасы бар, бірақ өз мүлкін қорғауға мүмкіндігі шектеулі адамдар. Қылмыскерлер олардың жалғыз тұратынын, туыстарымен араласпайтынын, денсаулығының нашар немесе ішімдікке тәуелді екенін пайдаланады.
Қазақстанда бұл атаумен белгілі болған істердің бәрі бір қылмыстық топқа қатысты емес. Әр жылдары Алматыда, Қостанайда және Қарағанды облысында бір-бірінен бөлек қылмыстық топтар анықталған. Олардың кейбірі адамдарды алдап, баспанасын тартып алса, енді бірі пәтерді иемдену үшін адам өлтіруге дейін барған.
2006–2012 жылдар: Алматыда тоғыз адамды өлтірген топ
Қазақстандағы ең қатыгез істердің бірі — Сергей Смирнов басқарған қылмыстық топтың әрекеті. 2006–2012 жылдар аралығында оның мүшелері тоғыз адамды өлтірген. Құрбандардың алтауының ғана сүйегі табылған.
Топтың ұйымдастырушысы Сергей Смирнов 1949 жылы туған. Ол бұрын полицияда майор шеніне дейін көтеріліп, кейін пара алғаны үшін сотталған. Түрмеден шыққан соң ұстаздықпен айналысып, ғылым кандидаты дәрежесін алған. 2000 жылы кәсіпкерлікпен де шұғылданған.
Алайда тергеу мәліметтеріне сәйкес, Смирнов жалғызбасты адамдардың баспанасын иемдену жолдарын да қарастырған. Мұндай қылмыстарды жалғыз өзі жүзеге асыру қиын екенін түсінген ол бірнеше адамнан тұратын топ құрған.
Топ мүшелерінің арасында бұрынғы прокурордың орынбасары болған Николай Миронов та бар еді. Смирнов бұрынғы қызметінің арқасында тергеу амалдарын жақсы білген. Ол топ мүшелерін бір-бірімен таныстырмай, әрқайсымен жеке байланыс орнатқан. Нәтижесінде қылмыстық топтың ішіндегі ақпаратты негізінен өзі бақылап отырған.
Құрбандардың сеніміне кіріп, баспанасын тартып алған
Топтың алғашқы құрбандарының бірі — Алматыдағы Самал-1 шағынауданында тұрған Виктор Андрикенус. Смирнов онымен танысып, ортақ кәсіп ашуды ұсынған. Кейін оның мүлкін басқаруға қол жеткізгісі келген.
Алайда Андрикенус баспанасын толық басқару құқығын беруге келіспеген. Осыдан кейін Смирнов жалған құжаттар арқылы оның пәтерін иемденуді ұйғарған.
2006 жылы 13 мамырда Смирнов пен оның сыбайласы Григорий Кислицин Андрикенусты Алматы облысы Талғарға іскерлік кездесуге барамыз деп алып кеткен. Сол жерде оны өлтіріп, мәйітін жасырған. Кейін жалған құжаттар арқылы пәтерді басқа адамның атына рәсімдеп, 117 мың долларға сатқан.
Келесі құрбандар — анасы мен қызы, 49 және 20 жастағы Погореловалар болды. Смирнов қызды сыбайласы Сергей Некрыловпен таныстырып, екеуін некеге тұруға көндірген. Анасы мен қызы үйді сатуға арналған сенімхат рәсімдеп, оны Смирновқа берген. Олар үй сатылған соң ақшасын аламыз деп ойлаған.
Үй 43 мың долларға сатылған соң әйелдер өлтірілген. Қылмыстық топ мүшелері олардың көзін жойып қана қоймай, қылмысты әшкерелеуі мүмкін сыбайластарының өздерін де өлтірген. Осылайша, Смирновтың қылмыстық схемасы тек бөтеннің баспанасын иемденумен шектелмеген. Ол адамдарды бір-біріне қарсы қойып, қылмысқа қатысушыларды да өзіне тәуелді еткен.
Жалған академия, сенімхат және тағы бір кісі өлімі
2007 жылы топтың келесі құрбаны 26 жастағы Александр Матушкин болды. Смирнов оған өзін Новосібірдегі академияның қызметкері ретінде таныстырып, оқуға түсуге көмектесетінін айтқан. Шын мәнінде, мұндай академия болмаған.
Матушкиннің сеніміне кірген топ мүшелері оны үйін басқару құқығын беруге көндірген. 2007 жылы 29 сәуірде оны Барнаулға емтихан тапсыруға апарамыз деген сылтаумен алып кеткен. Тергеу материалдарында Матушкиннің сол жерде өлтіріліп, денесінің жасырылғаны жазылған. Оның пәтері 105 мың долларға сатылған.
2010 жылы топтың тағы бір құрбаны Иван Сидельников болды. Ол пәтерін Смирновтың атына рәсімдеген соң Алматы облысындағы Байсерке ауылының маңына жеткізіліп, өлтірілген. Кейін оның баспанасы 70 мың долларға сатылған.
2011 жылы Смирнов пен сыбайластары Александр Крыцконың пәтерін иемденген. Оған қатысты құжаттар рәсімделген соң Крыцко өлтіріліп, денесі қала сыртына жасырылған. Кейін Смирнов қылмыстық топтың өз мүшесі Надежда Рудиді де өлтірген.
Қылмыстық топ қалай ұсталды?
Сергей Смирнов 2012 жылы 21 ақпанда Виктор Андрикенустың пәтерін сату ісіне байланысты алаяқтық күдігімен ұсталған. Тергеу барысында оның және сыбайластарының кісі өлтірулерге қатысы анықталған. Қылмыстық топ мүшелері жауапкершіліктен құтылу үшін бір-бірін айыптаған. Олардың кейбірі көмілген орындарды көрсеткен. Соның нәтижесінде тоғыз құрбанның алтауының сүйегі табылды.
2013 жылы 15 шілдеде сот Смирновты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын Қостанай облысындағы төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр.
Ал Григорий Кислицин 22 жылға, Максим Салтановский алты жылға, Владимир Юдаков үш жылға сотталды. Топтың тағы екі мүшесі алаяқтық схемалар мен кісі өлтіруге тікелей қатыспаған. Қылмыс ұйымдастырушысы оларды істің мән-жайынан бейхабар күйде пайдаланған. Сондықтан бұл екі адам рақымшылықпен босатылды.
2014–2015 жылдар: Қостанайдағы қылмыстық топ
Қостанай облысында да әлеуметтік осал азаматтардың мүлкін иемденумен айналысқан бірнеше қылмыстық топқа қатысты істер қаралды. Солардың бірі — ағайынды Жанат пен Марал Таңатқановтар басқарған топ. Оларға туысы Жамал Шагвалеева көмектескен.

Топ мүшелерінің арасында ағайынды алаяқтармен бірге тұрған 30 жастағы Зәуре Бермағамбетова мен 33 жастағы Анар Құсайынова және 35 жастағы Жәнібек Аңдамасов, 55 жастағы Сергей Безгунов, 47 жастағы Борис Шаповалов, 56 жастағы Беслан Евлоев пен 28 жастағы Салтанат Құлболова да бар.
2014 жылы жарияланған ақпаратта қылмыстық топтың он мүшесі сотқа берілгені хабарланған. Тергеу материалдары бойынша, олар 2004 жылдан бастап Қостанай қаласы мен облысындағы пәтерлер және әлеуметтік қамқорлықтағы адамдардың зейнетақы шоттары туралы мәлімет жинаған.
Құрбандардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, балалар үйінің түлектері, психикалық ауруы бар адамдар және ішімдікке тәуелді азаматтар болған. Қылмыстық топ мүшелері олардың сеніміне кіріп, баспанасын басқа үйге айырбастауға немесе сатуға көндірген. Кейбірін қорқытып, күш қолданған.

Жәбірленушілердің бірі ауыр онкологиялық ауруға шалдыққан. Тергеу нұсқасы бойынша, оның баспанасын иемдену үшін оны ауруханаға жатқызып, коммуналдық қарыздарын төлеуге көмектесеміз деген желеумен мүлкін басқаруға мүмкіндік беретін құжат рәсімдеген.
Тағы бір азаматты ауылдық жерде ұстап, пәтерді сату туралы келісімге қол қойғанша ұрып-соққан. Ал кейбір жәбірленушілерге ескі баспанасының орнына жағдайы жақсы пәтер береміз деп уәде еткен.
2015 жылы Қостанай облыстық соты ағайынды Таңатқановтарға қатысты үкімді қайта қарап, олардың жазасын күшейтті. Қылмыстық іс 58 томнан тұрған. Ал жәбірленушілер саны 25 адамға жеткен.
Қостанайдағы тағы бір топ: үш кісіні өлтіру дерегі
Қостанайда 2007–2015 жылдар аралығында әрекет еткен тағы бір қылмыстық топ ұсталған. 2016 жылы сотқа сегіз адам тартылған. Оларға кісі өлтіру, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, құжаттарды заңсыз иемдену және адам саудасына қатысты айыптар тағылған.

Қылмыстық топ мүгедектігі бар азаматтарды, жалғызбасты зейнеткерлерді, ішімдікке тәуелді адамдарды және түрмеде жазасын өтеп жүрген азаматтарды нысанаға алған. Қылмыстық топ мүшелері баспаналарды өз атына рәсімдеп, кейін сатқан.
Бұл іс бойынша үш кісі өлтіру дерегі қаралған. Қылмыскерлер мәйіттерді жасыру үшін денелерді бөлшектеу, өртеу және жерге көму тәсілдерін қолданған. Құрбандардың бірі қылмыстық топ мүшелерінің біріне тұрмысқа шыққан мүгедектігі бар Татьяна Казанцева болған.
2017 жылы 18 наурызда сот екі ұйымдастырушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қалған қатысушыларға да ұзақ мерзімді жаза берілді.
Қылмыстық топты дәмхана иесі басқарған
2016 жылы Алматыда тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Бұл жолы қылмыскерлер жалғызбасты, ішімдікке тәуелді азаматтарды өлтіріп, олардың пәтерін марқұмдарға сырттай ұқсайтын адамдар арқылы сатуға тырысқан.
Қылмыстық топты қаладағы дәмханалардың бірінің иесі басқарған. 2016 жылы 30 қыркүйекте сегіз айыпталушы сотқа берілген. Тергеу барысында 28 сот сараптамасы жүргізіліп, 250-ден астам құжат зерттелген. Оған қоса жүзден астам куәгерден жауап алынған.
Аркадий Плисстің өлімі
Қылмыстық топтың құрбандарының бірі — Алматыдағы Көктем-2 шағынауданында тұрған Аркадий Плисс. Оның ағасы Павел Плисстің айтуынша, 2015 жылдың күзінде үй құжаттары жоғалып кеткен. Аркадий оларды қайта қалпына келтіргенімен, 2016 жылдың басында құжаттары тағы жоғалған.
Тергеу дерегінше, Бибігүл Досқанова Аркадиймен бірге тұратын әйел Жанна Бақыпбаевамен танысып, олардың үйіне қонаққа барған. Кейін ол ішімдікке ұйықтататын дәрі қосып, түнде сыбайластарына есік ашқан. Үйге кірген қылмыскерлер Аркадий Плиссті және оның серігін өлтіріп, денелерін қала сыртына жасырған.
Одан кейін қылмыстық топ Аркадийге сырттай ұқсайтын Алексей Трофимовты тауып, оны нотариусқа апарған. Трофимов өзін пәтердің иесі ретінде көрсетіп, сату мәмілесін рәсімдеген. Кейін пәтер бірнеше рет қайта сатылған.
Журналистің арқасында қылмыс ашылған...
Бұл топтың әрекетін әшкерелеуге журналист Вячеслав Блощицын көмектескен. Қылмыскерлер журналисті өлтіруге тырысқан. Оны қала сыртына апарып, пышақтап, шұңқырға тастаған. Алайда ол тірі қалып, медициналық көмекке жүгініп, полицияға болған жағдайды айтып берген. Оның көрсетулері тергеуге қылмыстық топтың ізіне түсуге көмектескен.
2017 жылы ақпанда алқабилер соты істі қарап, алты айыпталушыны 6 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сот материалдары бойынша, топ үш алматылықты өлтіріп, тағы бір адамды өлтіруге оқталған.
Қарағанды облысында 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген топ
2024 жылдың мамырында Қарағанды облысында тағы бір “қара риэлторлар” тобының әрекеті тоқтатылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, топ құрамында заңгерлер, адвокаттар және нотариус болған. Олар қорқыту мен күш қолдану арқылы зейнеткерлердің, мүгедектігі бар адамдардың және алкоголь не есірткіге тәуелді азаматтардың мүлкін заңсыз қайта рәсімдеген. Осылайша, олар 14 пәтерді иемденген.

Сол жылы 13 мамырда жүргізілген тінту кезінде жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттар мен азаматтардың жеке деректері тәркіленіп, 28 адам ұсталған.
Бұл іс бойынша сол кезде тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегімен жүргізілген. Ұсталған адамдардың кінәсі дәлелденгені немесе сотталғаны туралы ашық дереккөздерде расталған мәлімет жоқ.
22 адамнан құралған топ баспана үшін адам ұрлап, кісі өлтірген
Былтыр 11 наурызда Алматыда жалғызбасты қарттардың және психикалық денсаулық орталығы пациенттерінің баспанасын заңсыз иемденген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. 22 адамнан құралған топтың құрамында дәрігерлер, нотариустар, бұрынғы полицейлер, сот-медициналық сарапшылар, риэлторлар мен такси жүргізушілері болған. Үш жылдан астам уақытқа созылған сот процесінде қылмыстық топтың пәтерлерді қалай иемденгені, адамдарды ұрлап, заңсыз ұстағаны және кісі өлтіруге барғаны айтылды.
Топты 65 жастағы алматылық Ирина Гапарова мен Өзбекстан азаматы Әшірәлі Болтабоев басқарған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар болашақ құрбандарын анықтап, баспананы алдау арқылы иемденудің жолдарын ойластырған. Қылмыстық топ 37 эпизод бойынша пәтерлерді заңсыз рәсімдеген. Олар мұрагерлері жоқ қайтыс болған адамдардың баспаналарын іздеп, құжаттарды қолдан жасау арқылы мүлікті өз бақылауына алған. Бұдан бөлек, Алматыдағы психикалық денсаулық орталығының пациенттері де олардың құрбаны болған.

Қылмыстық схемада әр қатысушының өз міндеті болған. Дәрігерлер кәсіби білімі мен пациенттерге қолжетімділігін пайдаланған. Нотариустар жалған құжаттар мен өсиеттерді рәсімдеуге көмектескен. Ал бұрын сотталған кей қатысушылар адамдарды күштеп ұстау және қажетсіз куәгерлердің көзін жою үшін қолданылған.
Сотта қаралған 13 эпизод адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, кісі өлтіру және сексуалдық зорлық фактісін қамтыған. Қылмыстық топ мүшелері психикалық денсаулық орталығының кей пациенттерін ұрлап, саяжайда заңсыз ұстаған. Оларға психотроптық препараттар берілген. Бұл әрекеттерге медициналық мекеме қызметкерлері де көмектескен.
Баспананы иемденудің тағы бір тәсілі — жалған өсиеттер жасау болған. Топ мүшелері жалғызбасты қарттар қайтыс болған сон олардың мұрагерсіз қалған пәтерлерін анықтап, нотариустар арқылы құжаттарды рәсімдеген. Кейін жылжымайтын мүлік жалған адамдардың атына тіркелген. Алайда алаяқтық схемада пайдаланылған бұл адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Сот үкімі:
- Ирина Гаппарова – 18 жыл бас бостандығынан айыру
- Әшірәлі Болтабоев – 17 жыл
- Әуелхан Сатаев – 16 жыл
- Жанат Сартпаев (нотариус) – 7 жыл
- Гүлнара Миятова (нотариус) – 6 жыл
- Рашиддин Семятов – 7 жыл
- Татьяна Грушина – 11 жыл
- Рахим Ли-Ли-Зо – 12 жыл
- Зубайра Амирова (нотариус) – 6 жыл
- Виталий Колесников (сот-медициналық сарапшы) – 4 жыл
- Асыл Асанбаева – 7 жыл
- Екатерина Овчарова – 11 жыл
- Қанат Сибанбаев – 5 жыл 6 ай
- Хосров Гасанов – 11 жыл
- Николай Керов – 6 жыл
- Айжан Жүсіпғалиева (психиатр-дәрігер) – 6 жыл
- Тахир Ұразаев – 16 жыл
- Майра Ұразаева (психиатр-дәрігер) – 10 жыл 6 ай
- Жанат Джексембиев – 5 жыл
- Газиза Ешмұратова (психиатр-дәрігер) – 3 жыл
- Манап Тыныбаев (полицей) – 6 жыл
- Денис Артюшенко – 5 жыл
Алаяқтық схемада пайдаланылған жалған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ.
“Қара риэлторлар” баспананы қалай тартып алады?
Қазақстанда әр жылдары анықталған қылмыстық істерге қарағанда, "қара риэлторлар" көбіне жалғыз тұратын қарттарды, мүгедектігі бар адамдарды, балалар үйінен шыққандарды және ішімдікке тәуелді азаматтарды нысанаға алған. Олар алдымен жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін баспанасын иемденуге тырысқан.
1. Алдымен баспанасы бар адамды іздейді
Қылмыскерлер көбіне жалғыз тұратын, туыстарымен аз араласатын немесе өз құқығын қорғауы қиын адамдарға қызыққан. Өйткені мұндай адамдардың жағдайын сырттан бақылап, баспанасын иемдену әрекетін ұзақ уақыт ешкім байқамауы мүмкін.
2. Сеніміне кіріп, құжаттарына қол жеткізеді
Олар өздерін көмек көрсететін адам ретінде таныстырып, пәтерді сатуға немесе басқа баспанаға айырбастауға көмектесетінін айтқан. Кейбірі жәбірленушілермен жақын араласып, тіпті некеге тұруға дейін барған. Осылайша, үй иесін пәтерге қатысты сенімхат беруге немесе сату құжаттарына қол қоюға итермелеген. Ал кейбір жағдайда жалған құжат жасаған немесе адамды күшпен қол қоюға көндірген.
3. Пәтерді өз атына рәсімдеп, сатып жібереді
Құжаттарды қолға түсірген соң, қылмыскерлер баспананы басқа адамның атына аударып, кейін сатқан. Мәселен, Алматыдағы 2016 жылғы істе олар өлтірілген үй иелеріне ұқсайтын адамдарды тауып, соларды пәтердің иесі ретінде көрсеткен.
4. Кейбір жағдайда үй иесін өлтірген
Ең ауыр істерде қылмыскерлер пәтерді рәсімдеп алған соң оның заңды иесін өлтірген. Алматыда 2006–2012 жылдары әрекет еткен Сергей Смирнов басқарған топ тоғыз адамды өлтіргені үшін сотталған. Қостанайдағы басқа қылмыстық топтардың істерінде де кісі өлтіру деректері қаралған.
Алайда барлық “қара риэлторлар” адам өлтірді деуге келмейді. Кей істерде қылмыскерлердің әрекеті алаяқтықпен, қорқытумен немесе мүлікті заңсыз иемденумен шектелген.
Мұндай қылмыстарды анықтау неге қиын?
Пәтер заңды құжаттар арқылы басқа адамның атына рәсімделіп, кейін сатылып кетуі мүмкін. Сырттай қарағанда, бұл кәдімгі сатып алу-сату мәмілесіне ұқсайды. Ал оның артында алдау, қысым немесе жалған құжат тұрғанын анықтау үшін полицияға мәміленің қалай жасалғанын, құжаттарға кім қол қойғанын және мүліктен кім пайда көргенін тексеруге тура келеді.
Егер үй иесі жалғыз тұрып, кейін жоғалып кетсе немесе қайтыс болса, оның баспанасына қатысты күмәнді мәміле бірден байқалмауы мүмкін. Сондықтан мұндай істерде тек пәтердің кімге сатылғаны емес, бастапқы иесінің мүлікті қандай жағдайда бергені де маңызды.
Некеге тұрып, үйін иемденіп, өзін өлтірген: Қазақстанда "қара риэлторлар" қалай әрекет етеді