Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Өзбекстанға баратын теміржол құрылысына 60,8 миллиард теңге қарыз алмақ

Темір жол
Фото: Pixabay

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы Түркістан облысындағы Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын қаржыландыру үшін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 135 млн долларға (60,8 миллиард теңге) дейін несие тартуды жоспарлап отыр. Қарыз мемлекеттік кепілдіксіз берілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Теміржол құрылысы қашан аяқталады?

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің мәліметінше, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы 2024 жылғы наурызда басталған. Жоба бастапқыда “ҚТЖ”-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып келеді.

2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша құрылыс жұмыстарының 78%-ы аяқталған. Жобаны 2026 жылдың желтоқсанында бітіру жоспарланған. Ал банктің жобаны қарауы 2026 жылғы 27 қарашаға белгіленген. Демек, 135 млн доллар көлеміндегі несие әзірге мақұлданған жоқ.

 Жаңа теміржол желісінің ұзындығы шамамен 115 шақырым болады. Ол Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстан арасындағы қосымша көлік байланысын қамтамасыз етеді. Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қолданыстағы теміржол дәлізінің жүктемесін азайтып, өңірдегі жүк тасымалы мен транзиттік сауданың мүмкіндігін кеңейту.

Құрылыс үшін жер телімдері алынады

Жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы жер телімдерін алу қажет.

Банк құжаттарына сәйкес, құрылысқа байланысты 308 үй шаруашылығы мен 23 заңды тұлғаның мүддесіне әсер етуі мүмкін. Негізгі ықпал ауыл шаруашылығы жерлері мен тұрғындардың табыс көздеріне қатысты болмақ. Ал 14 үй шаруашылығына басқа жерге көшу қажет болады. Жоба аясында зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу және олардың күнкөріс көздерін қалпына келтіру шаралары қарастырылған.

“ҚТЖ”-ның қарызы қанша?

2026 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша “Қазақстан темір жолы” тобының қарыздар портфелі 3,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш компанияның аралық шоғырландырылған қаржылық есебінде көрсетілген.

Бұған дейін “ҚТЖ” Алматыны айналып өтетін теміржол желісінің құрылысына Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 150 млн долларға дейін несие тартқан. Алайда ол жоба бойынша қарыз “Самұрық-Қазына” қорының кепілдігімен берілген, ал Дарбаза – Мақтаарал желісіне ұсынылып отырған қаржыландыру мемлекеттік кепілдіксіз қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгеге жеткені туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 12:52