Қорғаста шекарадан өту уақыты 15 секундқа дейін қысқармақ
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында жолаушыларды биометриялық тексеретін Q-Gate электронды жүйесі енгізіліп жатыр. Ол адамның жеке басын бет-әлпеті мен паспорты арқылы 15–50 секунд ішінде анықтайды. Жаңа жүйе дәстүрлі паспорттық бақылаудан 4-5 есе жылдам жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Q-Gate жүйесі жолаушының бет-әлпетін және паспортын тексеріп, жеке басын автоматты түрде анықтайды. Соның арқасында шекаралық бақылаудан өтетін адамдар санын көбейтіп, кезекті азайтуға мүмкіндік бар.

Мысалы, жүйе арқылы 200 жолаушыны тексеруге шамамен 7 минут қажет. Ал қызметкерлер құжаттарды қолмен тексергенде бұл жұмысқа шамамен 30 минут кетеді.
Қазір Қазақстанның 11 өткізу бекетінде 54 Q-Gate биометриялық терминалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Астана мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары бар.
2028 жылға дейін елдің өткізу бекеттеріне осындай тағы 198 терминал орнату жоспарланған.
Қорғасқа жыл сайын 2 миллионға жуық адам барады
Жаңа жүйенің енгізілуі "Қорғас" орталығы үшін маңызды. Жетісу облысының туризм басқармасының бас маманы Мұрат Мәдіевтің айтуынша, былтыр орталыққа шамамен 2 миллион адам барған. Ал билет сатудан түскен табыс 3 миллиард теңгеден асқан.
"Қорғас" – Жетісу облысындағы танымал туристік орындардың бірі. Өңірге келген туристер Алакөл мен Балқаш көлдеріне, "Алтын-Емел" ұлттық паркіне және шекара маңы ынтымақтастығы орталығына барады.
Орталықта сауда жасаудан бөлек, туристер Қытай мәдени орталығының музейін аралап, 9D кинотеатрға және саябаққа бара алады. Қазір мұнда туристерге арналған 50-ге жуық жаңа жоба іске қосылған.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдан бастап Қазақстанға шетел азаматтарының кіру тәртібіне жаңа талаптар енгізілетіні туралы жазған едік.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 балды қалай алғанын айтып берді