Қазақстанға кіру қиындайды: Жаңа ережелер 2027 жылы күшіне енеді
Қазақстанға келетін шетелдіктер елге кірмес бұрын электронды рұқсат рәсімдеуі керек. Жаңа талап 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжатсыз келген азаматтарды елге кіргізбеуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Электронды рұқсатты қайдана алады?
Электронды рұқсатты арнайы цифрлық платформа арқылы тегін рәсімдеуге болады. Ол үшін шетел азаматы Қазақстанға келетін күнге дейін кемінде 72 сағат бұрын өтініш беріп, жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуі керек.
Рұқсатты ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін ішкі істер органдары береді. Құжаттың жарамдылық мерзімі – 180 күнтізбелік күн.
Шекара қызметінің мамандары рұқсаттың бар-жоғын "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді. Паспорттық бақылау кезінде шетелдік өтініш бергенде көрсеткен жарамды төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын басқа құжатын ұсынуы қажет.
Электронды рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылады:
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында және Павлодар облысындағы "Үрлітөбе", Жамбыл облысындағы "Аухатты", Түркістан облысындағы "Атамекен" және Жетісу облысындағы "Нұрлы жол" автомобиль өткізу бекеттерінде;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында;
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – мемлекеттік шекарадағы қалған өткізу бекеттерінде;
- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – электронды рұқсат барлық тиісті шетел азаматтары үшін міндетті болады.
2027 жылғы 1 шілдеге дейін жүйе енгізілген бекеттерде рұқсаттың болмауы өздігінен елге кіргізбеуге негіз болмайды. Бұл кезеңде шетел азаматтарына құжатты рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
Қандай елдердің азаматтары рұқсат алуы керек?
Жаңа талап АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Аустралия, Жапония, Үндістан, Иран және Түркия азаматтарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қазақстанмен визасыз сапарлар туралы келісімі бар басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты болады.
Алайда қаулыда электронды рұқсат алудан босатылатын санаттар да қарастырылған. Олардың қатарында Қазақстанның жарамды визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер бар. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға бұл талап қолданылмайды.
Бұдан бөлек, дипломаттар, ресми делегация мүшелері, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттары, әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаждары, пойыз бригадалары, халықаралық жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілері де рұқсат алудан босатылады. Мемлекеттік шекараны кесіп өтпейтін транзиттік жолаушыларға және қаулыда көрсетілген басқа да санаттарға қатысты ерекшеліктер бар.
Қаулыда шетел азаматтарының ел аумағында болу мерзімдері де нақтыланған.
Визасыз келген шетелдіктер Қазақстанда шекарадан өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бола алады. Бұл ретте кез келген 180 күндік кезеңдегі жалпы мерзім 90 күннен аспауға тиіс. Халықаралық келісімдерде өзгеше тәртіп белгіленсе, сол талаптар қолданылады.
ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстанда шекарадан өткен күннен бастап 90 күнтізбелік күнге дейін бола алады. Олардың да кез келген 180 күндік кезеңдегі жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауы керек.
Шетелдіктер Қазақстанда рұқсатсыз жұмыс істей алмайды. Еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орган берген қажетті құжаттар болуы қажет.
Сонымен қатар шетел азаматын қабылдайтын тарап оның келгені туралы ішкі істер органдарына үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Егер шетелдік уақытша тұратын мекенжайын өзгертсе, бұл туралы да үш жұмыс күні ішінде хабарлау қажет.
Бұған дейін вице-премьер-министр, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон заңнамасының орындалуы күшейтілетінін, ал ережені бұзғаны үшін мигранттарға да, жұмыс берушілерге де жауапкершілік қарастырылатынын айтты.
