"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді
Алматылық 23 жастағы Томирис Қасымова ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын IELTS халықаралық емтиханынан ең жоғары 9.0 балл алды. Торонто университетінің студенті бұл емтиханды алты рет тапсырған. Ол жазылым бөлімінен 8.0 балл алғанына ерекше қуанған. Өйткені дайындық кезіндегі басты мақсаты осы еді. Бойжеткен Stan.kz тілшісіне ағылшын тілін қалай меңгергенін, дайындықты жұмысымен қалай қатар алып жүргенін және нәтижесін білген сәтін айтып берді.
Томирис Алматыда туып-өскен. Ол бала кезінде сурет салғанды ұнатып, сурет пәнінің мұғалімі болуды армандапты. Жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндеріне қызығып, биохимик болғысы келгенімен, мектеп бітірер тұста әлеуметтік ғылымдар бағытын таңдауға шешім қабылдаған.
Тіл үйренуге YouTube түрткі болған
Оның ағылшын тілімен таныстығы мультфильмдер мен танымдық телебағдарламалардан басталған. Мектепке дейінгі даярлықта да тіл үйренген. Бірақ жасөспірім шағына дейін ағылшынды кәдімгі мектеп пәні ретінде қабылдапты. Америкалық YouTube-блогерлерді көре бастаған соң қызығушылығы артып, тілді өз қалауымен үйренуге кіріскен.
Томириске мектептегі сабақтармен қатар қосымша дайындық та көмектескен. Жазғы демалыста анасы жеке мұғалімдер жалдап, кейін мектепте бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқыған.
“Ағылшын тілін меңгеруіме ең көп көмектескені – сол тілдегі контентті тұрақты тұтыну және ағылшын тілін күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналдыру болды деп ойлаймын. Бұл бұрын үйренген білімімді бекітіп қана қоймай, тілді үнемі тәжірибе жүзінде қолдануыма мүмкіндік берді”, – дейді Томирис.

Жеті жылда 6 рет емтихан тапсырған
Томирис IELTS-ті алғаш рет университетке түсу үшін тапсырып, 7.0 балл алған. Бастапқыда емтиханға қайта қатысу ойында болмаған. Алайда Торонто университетіне ауысу үшін қайта тапсыру қажет болыпты.
2025 жылы өзі де IELTS-ке дайындайтын мұғалім ретінде сабақ бере бастаған. Сол кезде білімін тексеріп, кәсіби деңгейін сақтау үшін емтиханды тағы тапсырған. Оның айтуынша, IELTS-ке дайындалу жолы жеті жылға созылған. Ол осы аралықта әр емтиханның нәтижесін жүйелі талдап отырмағанын айтады.

Ал жоғары нәтижеге ұмтылған кезеңде өз қателеріне мұқият қарай бастаған. Әсіресе, жазылымға басымдық берген. Томирис 9.0 балл әуелден жоспарлаған нақты мақсаты болмағанын айтады.
“Негізгі мақсатым – Writing бөлімінен 8.0 балл алу болатын. Дайындық барысында Listening, Reading және Speaking бөлімдеріндегі нәтижелерім де айтарлықтай жақсарды. Нәтижесінде, Writing бойынша көздеген баллыма қол жеткізіп қана қоймай, қалған үш бөлімнен де жоғары нәтиже көрсеттім”, – дейді ол.
Осы кезеңде ағылшын тіліндегі дағдыларын жетілдірумен қатар, емтихан үстінде уақыт пен күшін тиімді пайдалануға да көңіл бөлген. Мәселен, Reading бөлімін қаншалықты жылдам аяқтай алатынын, Writing тапсырмаларын орындауға күш-қуатын қалай сақтайтынын ойластырған.
Дайындықтағы басты қағида – тұрақтылық
Томирис алдын ала жоспарланған күн тәртібін ұстанғанды ұнатады. Дайындық кезінде де қалыптасқан кестесін күрт өзгертпеген. Күндіз жұмыс істеп, оқуға ниетті студенттермен сұхбат жүргізген. IELTS-ке уақыт табу үшін кейбір кездесулері мен жұмыс жоспарларын қайта реттеген.
“Тек IELTS-ке дайындалу үшін күн сайын қосымша 1-2 сағат бөліп, Writing тапсырмаларын орындауға және жауаптарымды талдауға көңіл бөлдім. Дайындық кезеңі аса қарқынды немесе ерекше болған жоқ. Мен үшін ең маңыздысы – бірден көп нәрсе істеуге тырысқаннан гөрі, тұрақтылықты сақтап, күн сайын жүйелі түрде жұмыс істеу болды”, – дейді ол.
Томирис осы нәтижеге жету үшін өміріндегі белгілі бір нәрседен толықтай бас тарттым деп айта алмайтынын жеткізді. Оған дайындықты күнделікті тіршілігімен үйлестіру маңызды болған. Өз қабілетіне сенгенімен, кейде дайындықты тоқтату туралы да ойланған.
“Әрине, кейде дайындықты тоқтатып, уақытым мен күшімді жұмысқа және басқа жобаларыма бағыттағым келген сәттер де болды. Дегенмен, бұл ойымнан қайтып, алға қарай жалғастыра бердім. Себебі IELTS-тен осындай нәтижеге қол жеткізу мен үшін жай ғана жоғары балл алу емес, өзім үшін маңызды бір белесті бағындыру еді”, – дейді Томирис.

“Көргеніме сене алмай, бірден анама айттым”
Емтиханның өзі Томиристің есінде ерекше бір оқиғамен қалмаған. Бірақ бұл жолы сынақ алдында материалдарды асығыс қайталауға кіріспей, сыртқа шығып серуендеп, бой жазып, демалуға уақыт бөлген.
Ал нәтижесі туралы электрон поштаға хабарлама келген уақытты дәл біледі. Экрандағы көрсеткіштерді бірден түгел көрмеген.
“Хабарлама дәл сағат 18:05-те келді. Алғашында Listening және Reading бөлімдерінен 9.0 алғанымды көрдім, бірақ төмен қарай жылжытып, қалған нәтижелерімді оқығанда ғана барлығын түсіндім. Көргеніме сене алмай, бірден анама айттым”, – дейді ол.
Төрт бөлімнің орташа көрсеткіші – 8.75. IELTS-тің ресми бағалау ережесі бойынша мұндай нәтиже келесі бүтін баллға дейін дөңгелектеніп, жалпы ұпай 9.0 болып есептеледі.
IELTS пен тіл меңгерудің еуропалық CEFR жүйесін салыстыруда 8.5 және одан жоғары жалпы нәтиже ең жоғары C2 деңгейіне жатқызылады.
Томирис үшін осы нәтижелердің ішінде жазылымның орны бөлек. Дайындық кезінде көздеген межесіне жеткеніне ерекше қуанған.
“Ең қатты қуанғаным – Writing бойынша нәтижем болды. Себебі осы бөлімнен 8.0 балл алу менің негізгі мақсатым еді”, – дейді ол.
Ендігі мақсаты – оқушыларға көмектесу
Томиристің айтуынша, бұл нәтиже мұғалім ретінде өз біліміне деген сенімін нығайтқан. Енді тәжірибесін оқушыларымен бұрынғыдан да сенімді бөлісе алатынын сезінеді.
Тіл үйренушілерге жеткізгісі келетін ойы – жоғары деңгейге жетуге уақыт пен күш қажет болғанымен, бұл қолжетімді мақсат. Ол үшін тілді үйренуге жүйелі түрде уақыт бөліп, табандылық таныту маңызды деп есептейді.
“Нәтижемді алғаш көргенде, ең алдымен, басқа оқушыларға IELTS тапсыру жолында қалай көмектесе алатыным туралы ойладым. Қазіргі басты мақсатым – өз тәжірибеммен бөлісіп, олардың да көздеген нәтижелеріне жетуіне қолдау көрсету”, – дейді Томирис.
Ол келер уақытта білімін жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерді қарастырғысы келеді.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді