"Тозығы жеткен, өрт қауіпі өте жоғары": Депутат Қазақстанда ескі үйлерді сүріп, жаңа баспанаға көшіруді тездету керек екенін айтты
Депутат Айбек Арқабайұлы елімізде мыңдаған отбасы тұрып жатқан тозығы жеткен ескі үйлердің жағдайына алаңдады. Айтуынша бұл баспаналар жақын арада жаңартылмайды және бұл қауіп тудыруы мүмкін. Осыған байланысты ол Үкіметке өңірлердегі реновацияны жеделдетіп, тұрғындарды жаңа баспанаға көшіру мерзімін нақтылауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 61 367 көппәтерлі тұрғын үйбар. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда, 3 347-нің тозығы жеткен. Шамамен 27 мыңға жуық үй иесінің баспанасы апаттық жағдайда, әбден ескірген.
“Соңғы 3 жылда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде (2023-2029 ж.ж.) өңірлерде 352 апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш жалпы республика тұрғын үй қорының тек 0,3%-н ғана қамтып отыр. 2025 жылы апатты және ескі үйлер мәселесін шешу үшін әкімдіктер мен мәслихаттардың өңірлік жаңарту бағдарламаларын қабылдау құқығы заңмен кеңейтілді”, – деп қосты ол.
Айбек Арқабайұлы реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екені анықталғанын да алға тартты. Айтуынша, бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз.
Осы тұста депутат 2026 - 2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойынша мынадай мысал келтірді:
- Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйлердің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарлануда, бұл қауіпсіз тұрғын үйге деген қажеттіліктің 1% ғана құрайды;
- Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер тек 2 - 19 % дейін ғана жаңартылады;
- Басқа өңірлердегі көрсеткіш 20-75% құрайды. Осылайша көптеген өңір бойынша жағдай сын көтермейді;
- Тек үш өңірдің әкімдіктері – Астана қаласы, Жамбыл, Павлодар облыстары 2029 жылға қарай осы мәселені шешуге дайын. Оны жергілікті бюджет қаражатынан және жеке инвесторларды тарту арқылы қамтамасыз етілуі күтілуде.

“Әкімдіктер 2029 жылға дейін апатты және ескі үйлердің орнына 895 көпқабатты үй салып, 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Алайда бұл — жаңа баспанаға көшуі тиіс 26 972 үй иесінің небәрі 42%-ы. Қалған 15 653 адам ескі әрі қауіпті үйлерде тұруға мәжбүр болуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық. Бұған мейлінше жол бермеу керек!”, – деп қосты ол.
Осыған орай депутат апатты үйлердің мәселесін жедел шешу үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия құрып, тұрғындарды жаңа баспанаға көшірудің бірыңғай жоспарын әзірлеуді және әкімдердің жұмысына бақылауды күшейтуді ұсынды.
Еске салсақ, Депутат Мақсұт Насибулов мемлекет қаржысына салынатын тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға міндетті талаптар енгізуді ұсынған еді.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді