Ақтауда күйеуінен зорлық көрген әйелді полиция құжаты болмағаны үшін ұстаған
Ақтауда екі баланың анасы күйеуінің соққысына жығылғаны айтылды. Құқық қорғаушының мәліметінше, әйел басынан жарақат алып, алдыңғы тістерінен айырылған. Сондай-ақ күйеуі оның ұзын шашын қиып, құжаттарын алып кеткен. Ал құжатсыз қалған әйелді полиция ұстаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Human Rights Lawyers қорының жетекшісі Ләззат Ракишева оқиға туралы айтып берді. Сөзінше, ер адам әйелге зорлық-зомбылық көрсеткен. Салдарынан екі баланы тәрбиелеп отырған әйел басынан жарақат алып, алдыңғы тістерінен айырылған. Соққыдан кейін әйелдің беті жарақаттанып, миы шайқалған. Сондай-ақ әйелдің айтуынша, күйеуі оның ұзын шашын қиып тастаған. Құқық қорғаушының сөзінше, ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. Ал полиция зардап шеккен әйелді ұстаған.
“Бұл зорлық-зомбылықтың алғашқы жағдайы болмауы мүмкін. Әйел өткен жылы да полицияға жүгінген. Алайда таныстарының айтуынша, содан бері жағдай өзгермеген”, – делінген хабарламада.
Ләззат Ракишеваның айтуынша, оқиғадан кейін ер адам қашып кеткен. Әйел — Өзбекстан азаматы, оның төрт және алты жастағы екі баласы бар. Жәбірленушінің таныстарының сөзінше, күйеуі әйелдің құжаттарын өзімен бірге алып кеткен. Соның салдарынан күтпеген жағдай туындаған. Әйелді "хаттамаға сәйкес" ұстаған.
"Біз болған жағдайға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын анықтау үшін Ақтау полициясы мен прокуратурасына хабарластық. Құжаттары болмағандықтан, әйелді арнайы мекемеге орналастырғанын айтты. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз, ресми сауалдар жолдадық. Балалардың қазір қайда екені белгісіз. Отбасында әжесі немесе таныстары болған күннің өзінде, әсіресе жап-жас балалары бар кезде, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелді полицияның ұстауы дұрыс емес", — деді Ләззат Ракишева.
Мамандар тегін заңгерлік кеңес беріп, зардап шеккендерге дағдарыс орталығына орналасуға көмектесетінін жеткізді.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттік әйел өзін күйеуі мен енесі ұрып-соғып, екі баласымен үйден қуып жібергенін айтқан болатын.
Төрт баласымен Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақ отбасы шетелдегі өмірі жайлы айтты
