Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 46 жастағы жалғызбасты әйелді ұрып-соғып, зорлаған жас жігіт сотталды

Сотталушы мен жәбірленуші
Фото: Stan.kz

Ақтөбеде 46 жастағы әйелді зорлап, аяусыз соққыға жыққан ер адам 6 жылға сотталды. Сотталушы бұған дейін де бірнеше рет істі болған. Сотта ол ауыр қылмыс жасады деп танылды. Жәбірленушіні тұншықтырып, тамағына бұрауыш тыққан. Қазір жалғызбасты ана отаға дайындалып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбе сотында қылмыстық іс жабық режимде қаралды. БАҚ өкіліне үкімге қатысуға ғана рұқсат берілді. Сотталушы мен жәбірленушінің жасы, жеке мәлеметтерін жариялауға тыйым салынатыны ескертілді.

Сотталушы бұған дейін бірнеше рет сотталған. Екі рет түрмеге отырып шыққан. Әлі де толық өтелмеген жазасы бар.

Бұл жолы ол қылмыстық кодекстің 120-бабы, яғни “зорлау” және 107-бабы бойынша “денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру” айыбымен кінәлі деп танылды.

Жәбірленушіні ұрып, тұншықтырып, тамағына бұрауыш тығып, дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа түскен.

Жәбірленуші сотталушыны танымайды. Әйел жаңа үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Айтуынша, ер адам құрылыс қоқыстарын ақысыз шығарып берейін деп сеніміне кірген.

“Ол адамды танымаймын. Сол кезде үй сатып алғанмын. Жөндеу жасап жаттым. Аулада балаларға балмұздақ алып беріп жүретін. Маған құрылыс қоқысын тегін шығарып берейін деп бірнеше рет айтты. Ешқандай жамандық ойлаған жоқпын. Қуанып қалдым. Кейін үйде тұрған кірпіштерді бердім. Сатып, ақша қыларсың деп жүрмін. Ол кірпішті ұзақ тасыды. Сол кезде жауыз ойын ойластырған. Маған басқа пәтердегі жұмысын 1 минутқа көріп кетуімді сұрады. Көңілін қалдырмайын деп бас сұқтым. Ішке кірген сәтте есікті жауып, шабуыл жасады. Басымнан ұра бастады. Он шақты рет ұрған шығар. Айқайлап, көмек сұрадым. Есікке жүгірдім. Сол жерде тұншықтырып, демала алмай қалдым. Есімді басқа жерде жидым. Үстімнің бәрі қан болды. Көзімді ашқанда ол жалаңаш жүрді. Мені өліп қалды деп ойлаған болу керек. Киініп, қашып кетті. Шок жағдайда болдым. Тамағымнан ағып жатқан қанды сезбедім. Бар күшімді жинап тұрып, көршіден көмек сұрадым”, – деді жәбірленуші.

Әйелдің айтуынша, ер адам оны зорлап, кейін тамағына бұрауыш сұққан. Жәбірленуші ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған өмірге маңызды жерге бірнеше миллиметр қалғанын, таңғаларлық жағдайда аман қалғанын айтқан. Қазір оның оң жақ қолы қозғалмайды. Иығына темір салынған. Отаға дайындалып жүр. Ол бірнеше күн ауруханада, кейін ұзақ уақыт үйде емделгенін айтты.

“Қазір қорқамын. Қараңғы жерден, подъезде жалғыз жүруден қорқамын. Сатып алған үйімді қайта сатып жібердім. Себебі ол үйде тұру мүмкін емес болып кетті. Балам үшін қорқамын”, – дейді әйел.

Сотта ер адамның кінәсі дәлелденгені айтылды. Үкімді түсіндіру кезінде судья сотталушының бұрын бірнеше рет сотталғанын және түзелу жолына түспегені ескергенін мәлімдеді. Сондай-ақ қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағаны жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

“Сот кінәңіз толық дәлелденді деп санайды. Яғни сіз жәбірленушіге қатысты зорлау, оған күш қолдану арқылы оның еркінен тыс дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа түскенсіз”, – деді судья Ізбағамбетова.

Сотталушы түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді. Сонымен қатар оған алкогольден амбулаториялық және психиатриялық медициналық сипаттағы мәжбүрлі емдеу шаралары тағайындалды.

Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, одан моральдық залал ретінде 7 миллион теңге өндірілетін болды. Бұдан бөлек, сотталушы 1 миллион 721 мың 614 теңге процестік шығынды өтеуге міндеттелді.

Еске салсақ, бұған дейін шетелдік әйел қазақстандық полиция қызметкерлерін топ болып зорлады деп айыптағаны туралы жазған едік. Алайда артынша әйел өз мәлімдесемін жоққа шығарып, өзін зорлағандардың полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 02 Қазан, 2026 21:09