Корнелл университетінің түлегі өзі оқыған оқу орнына арыз жазды: ол онда зорлау ісі жасырылғанын айтады
Нью-Йорктегі Томпкинс округінің прокуратурасы Корнелл университетінде топтық зорлау ісін қайта тергей бастады. Түлектің айтуынша, оны студенттік ұйымның жеті мүшесі алдымен есірткі қолдануға мәжбүрлеп, кейін зорлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Алайда күдіктілерге ешқандай айып тағылмаған. Университет оларға эссе жазу сияқты жеңіл тәртіптік жаза қолданған. Қыз университетті сотқа беруге шешім қабылдағаннан кейін және прокуратура істі қайта тергеуді бастаған соң, бұл оқиға қоғамның назарын аударды.
Жәбірленуші іс материалдарында Джейн Доу деген атпен көрсетілген. Бұл – ағылшынтілді елдерде әйелдің шын аты-жөні белгісіз болған немесе жасырылған жағдайда қолданылатын шартты есім.
Джейн Доу 16 қыркүйекте азаматтық талап арыз берген. Жауапкерлер қатарында оннан астам адам мен ұйым, оның ішінде зорлық жасады деп күдікке ілінген жеті адам, Корнелл университеті және Chi Phi студенттік бауырластығы бар.
Талап арызда 2024 жылдың 19 қазанына қараған түні сол кезде 20 жаста болған Джейн Доу Корнелл университетіндегі Chi Phi бауырластығының үйіне досына барғаны айтылған. Ол кезде қыз алкоголь сылқия қойған. Досы және бауырластықтың тағы бір мүшесі оған қосымша ішімдік беріп, мұрны арқылы кетамин иіскеуге мәжбүрлеген. Осыдан кейін өз келісімін бере алмайтын жағдайда болған қызға сексуалдық зорлық жасалғаны талап арызда көрсетілген.
Ер адамдардың бірі Snapchat-тағы бауырластықтың топтық чатына басқа мүшелерді зорлыққа қосылуға шақыратын хабарлама жіберген. CNN мәліметінше, бұл хат алмасудың бір бөлігі іс материалдарына енгізілген. Джейн Доу оқиға туралы 2024 жылдың 8 қарашасында Корнелл университетінің полициясына хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілерге айып тағылмаған. Сонымен қатар университет жағдайға тиісті деңгейде жауап бермеген. Күдіктілерге қолданылған тәртіптік шаралардың бірі жай ғана эссе жазу болған.
Талап арызға қатысы бар адамдардың бірінің адвокаты Джереми Саланд тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, қорғауындағы азамат "жағдайға жауап беріп, Snapchat-та орынсыз пікір қалдырған", бірақ "одан басқа ештеңе істемеген".
Адвокаттың сөзінше, оның клиенті ешқандай сексуалдық әрекетке қатыспаған, талап қоюшыға қол тигізбеген және кетамин қолданбаған.
Университет тарапы не дейді?
Корнелл университетінің мәлімдеуінше, оның Азаматтық құқықтар басқармасы мен Студенттердің мінез-құлқы және қауымдастық стандарттары басқармасы университет ережелеріне сәйкес айыптауларды бірлесіп қараған.
Сондай-ақ, университет Chi Phi бауырластығының бөлімшесіне кампус аумағында жұмыс істеуге рұқсат етілмейтінін хабарлады. Корнеллдегі басқа тәртіптік шараларға келетін болсақ, олар студенттердің деректерінің құпиялылығы туралы федералдық заңнамаға сілтеме жасап, жеке студенттер туралы ақпаратқа жария түрде пікір білдіре алмайтынын атап өтті. Chi Phi ұлттық басшылығы айыптауларды ауыр деп атап, жыныстық зорлық-зомбылық ұйымның қағидаттарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Олар сот талқылауына байланысты талап-арыздағы нақты мәлімдемелерге түсініктеме берген жоқ.
Ал қазір Джейн Доу қайда?
Оқиғадан кейін Доу университетті тастап кеткен. Ол өтемақы және айыппұл төлеуді талап етіп отыр, бірақ мөлшері қанша екені белгісіз. Талап-арыздың негіздері арасында келісімшартты бұзу, немқұрайлылық, ғимараттың қауіпті жағдайы үшін жауапкершілік және штат заңнамасын бұзу көрсетілген.
Джейн Доудың адвокаты оның клиенті университеттің ішкі тергеуіне қатысқанын, бірақ оқу орнының реакциясын жеткіліксіз деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, сотқа жүгінуіне осы себеп болған.
"Оңай" картасының ресейлік "Золотая корона" жүйесімен қандай байланысы бар: Алматы әкімдігі түсініктеме берді