Ғазиз Байтасовтың құрметіне аталған медальдің алғашқы данасы оның жарына табысталды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінде “Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов” атты ведомстволық медаль тағайындалды. Марапаттың алғашқы данасы батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға құрмет пен алғыс белгісі ретінде берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді бұл медальмен қызметтік міндетін атқару кезінде ерлік пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады.
Ғазиз Байтасов кім?
Ғазиз Байтасов – Қазақстан тарихында “Халық қаһарманы” атағына ие болған алғашқы полиция қызметкері.

Ол 2011 жылы Таразда болған теракт кезінде өз өмірін қатерге тігіп, қарулы қылмыскерді тоқтатуға тырысқан. Батырдың ерлігі бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалуға бағытталды.
Істің-мән жайы
2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында Мақсат Қариев есімді террорист қару қолданып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция капитаны Ғазиз Байтасов қылмыскермен қарулы қақтығысқа түсті.
Ауыр жараланғанына қарамастан, ол күресін жалғастырды. Қылмыскердің қолындағы гранатаны байқаған Байтасов маңайдағы адамдарды қорғау үшін оған қарай ұмтылды. Граната жарылып, полиция қызметкері қаза тапты. Ол кезде батыр небәрі 40 жаста болған.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі – Отанға адалдықтың, антқа беріктіктің және халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі. Оның батылдығы мен жанқиярлығы Қазақстанның ішкі істер органдары қызметкерлері үшін өнеге болып қала береді.
Батырдың есімі ел жадында сақталып, оның құрметіне тағайындалған жаңа медаль қызметтік борышын орындау кезінде ерлік көрсеткен полицейлерге табысталады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Ғазиз Байтасов атындағы награда пайда болатыны туралы жазған едік. Бұл ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Мемлекет басшысы наградалар мен көшелерге қызмет бабында қаза болғандардың есімін беруді ұсынған.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр