"Сені кездесуге шақырғым келген": Атырауда 17 жастағы оқушысына хабарлама жазған НЗМ мұғалімі жұмыстан босатылды
Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (НЗМ) алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін 34 жастағы мұғалім 17 жастағы оқушы қызды кездесуге шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, мұғалім кешкі уақытта оқушыдан сабаққа не себепті келмегенін және тамақ ішкен-ішпегенін сұраған. Артынша оған "Сені кездесуге шақырғым келген" деп жазған. Алайда көп ұзамай мұғалім бұл сөзін әзіл ретінде айтқанын түсіндіре бастаған.
Оқушының әпкесі олардың хат алмасуының скриншоттарын жариялады.
Қыздың әпкесінің айтуынша, ересектермен телефон арқылы сөйлескен кезде де мұғалім өз әрекетін ақтауға тырысқан. Туыстарының сөзінше, мектеп әкімшілігімен кездескен кезде де ол хабарламасын әзіл деп түсіндірген.
"Бұл қандай әзіл? Менің сіңлім – кәмелетке толмаған оқушы, ал ол ересек ер адам әрі оның мұғалімі", – деп жазды оқушы қыздың әпкесі.
Оқушының ата-анасы НЗМ басшылығына жүгінген. Қыздың әкесі бұл жағдайға қатысты ресми түрде тексеру жүргізілуін талап етпек.
Жазбаға пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылары хат алмасу кәмелетке толмаған баланың сеніміне кіріп, кейін онымен жыныстық қатынас орнатуға бағытталған әрекет – грумингтің белгісі болуы мүмкін екенін болжаған.
HALYQSTAN мәліметінше, полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Ал "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты мектепте ішкі тексеру жүргізгенін хабарлады.
"NIS Атырау мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғаліміне қатысты әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа байланысты мектептің қауіпсіздік қызметі ішкі тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері мен тәртіптік комиссияның материалдарды қарауы қорытындысы бойынша мұғаліммен жасалған еңбек шарты “педагогикалық қызметті жалғастыруға сәйкес келмейтін қылық жасағаны” үшін еңбек кодексінің 52-бабы, 1-тармағына сәйкес бұзылды", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі мектепте 1-сынып оқушысына жыныстық сипаттағы әрекет жасаған мұғалімге жеңіл жаза тағайындалуы мүмкін екені туралы жазған едік.
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады
