"Лас идеология": Дильназ Ахмадиеваның мұғалім кейпіндегі жаңа бейнебаяны сынға қалды
Танымал әнші Дильназ Ахмадиева мен “Азия” тобының жаңа әніне түсірген бейнебаяны әлеуметтік желіде дау туғызды. Көпшілік өнер иесінің ашық киініп, қазақ тілі мұғалімінің рөлін сомдағанын сынға алды. Тіпті кейбір желі қолданушылары Оқу-ағарту министрлігінен бұл жағдайға назар аударуды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иелері “Milfa” атты жаңа әнін көпшілікке ұсынды. Желіде тараған бейнебаян үзінділерінде әнші кеудесі мен саны ашық киіммен қазақ тілі пәнінің мұғалімін сомдайды. Ал топ мүшелері мектеп оқушыларының рөлінде көрінеді.
Клипте оқушы кейпіндегі әртістердің парта үстіне шығып билеп, ақша шашатын көріністері де бар. Әсіресе мектеп өмірі мен мұғалім бейнесінің сексуалдық астары бар мазмұнмен байланыстырылуы көпшіліктің наразылығын тудырған.
Әннің “Қайдағы мен тәте? Тәте деген қате, хотя бы милфа де” деген жолдары да қызу талқыға түсті.
Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл көріністер ұстаздың қоғамдағы беделіне кері әсер етуі мүмкін деп есептейді. Кейбірі тіпті Оқу-ағарту министрлігі мен министр Жұлдыз Сүлейменованың әлеуметтік желідегі парақшасын белгілеп, бейнебаянға қатысты шара қабылдауды сұраған.
“Мұғалімдерге деген құрмет онсыз да төмендеп бара жатқанда, бұл әрекет жағдайды ушықтырады”, “Мектепте мұғалімдер бұлай киінбейді”, “Неге дәл мектепті таңдаған? Жиіркенішті”, “Білім ордасына деген құрмет қайда?”, “Мұндай бейнебаянды мүлде шығармау керек”, – деп жазды ашынған оқырмандар.
Ал кейбір көрермендер клипті әзіл ретінде қабылдаған.
“Неге дәл қазақ тілі мұғалімі? Көзілдірігі де менікіне ұқсайды. Күлкімді тоқтата алар емеспін”, “Актерлік шеберлігі жақсы, бірақ мектеп тақырыбын қозғамағаны дұрыс еді”, – деп пікір білдірген олар.
Қызығы, әнші бейнебаянның толық нұсқасын алғашқылардың бірі болып тамашалағысы келетіндерге алдын ала орын брондауды ұсынған.
“Ешкімге көрсетпегенімізді бірінші болып сіздер тамашалайсыздар! MILFA бейнебаянын алғаш болып көру үшін бронь қоя аласыздар. Орын саны шектеулі”, – деп жазған өнер иесі.
Оның жазбасына сәйкес, көрсетілімге алдын ала ақы төлеу қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Дильназ Ахмадиева сүйіктісін көрсеткен еді.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады
