Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан құрамасы Пара Азия ойындарын 50 медальмен аяқтады

спортшылар
Фото: Instagram kazparalympics

Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен V Пара Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға тұрақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған ақпаратты Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді. Олардың дерегінше, биыл Пара Азия ойындарында Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғады. Олар парадзюдо, паравелоспорт, паражүзу, парапауэрлифтинг, жеңіл атлетика, садақ ату, нысана көздеу, үстел теннисі, паратхэквондо, бочча, арбадағы теннис және отырып ойнайтын волейболдан бақ сынады.

Қазақстан құрамасы ең көп жүлдені парадзюдодан иеленді. Спортшылар бес алтын, бір күміс және жеті қола медаль жеңіп алып, осы спорт түрінен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

спортшылар
Фото: Instagram kazparalympics

Ал паратхэквондо, бочча және арбадағы теннистен қазақстандық спортшылар жүлдеге қол жеткізе алмады.

Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлық орталығының директоры Болатбек Дөкетаевтың айтуынша, биыл ойындар Қазақстан құрамасы үшін нәтижелі болды.

“2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында спортшыларымыз сегіз алтын, 12 күміс және 21 қола медаль жеңіп алған еді. Биыл құрамамыз 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлдеге ие болды. Осылайша, алдыңғы ойындармен салыстырғанда алтын медаль санын төртке, ал жалпы жүлде санын тоғызға арттырдық”, – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы Пара  Азия ойындары тарихында алғаш рет үстел теннисі мен садақ атудан медаль жеңіп алды.

спортшылар
Фото: Instagram kazparalympics

Бұдан бөлек, қазақстандық спортшылар бірнеше рекорд жаңартты. Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев Пара  Азия ойындарының рекордтарын жаңартса, Дияс Кенжебек пен Айсұлу Сүлейменова өздерінің спорттық сыныптарында Азия рекордтарын орнатты.

Болатбек Дөкетаев бұл жетістіктерге параспортты мемлекеттік деңгейде қолдау, спортшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегі, жаттықтырушылардың кәсіби жұмысы және жүйелі дайындықтың арқасында қол жеткізілгенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек те алтын медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартқан еді. Ол S10 санатында 100 метрге шалқалай жүзуден 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші жетті. Осылайша, 1 минут 3,73 секунд болған бұрынғы рекордты жаңартты.

Диас Кенжебек бұған дейін 200 метрге кешенді жүзуден және 100 метрге еркін стильде жүзуден екі күміс медаль иеленген.

Сондай-ақ парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза алтын жүлдегер атанса, Ғалымжан Смағұлұлы мен Даяна Федосова қола медаль жеңіп алған болатын.

 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 24 Қазан, 2026 15:21