Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды

параспортшы
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында қазақстандық дзюдошылар ел қоржынына тағы үш медаль салды. Бексұлтан Құлмырза алтын жүлдеге ие болса, Ғалымжан Смағұлұлы мен Даяна Федосова қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бексұлтан Құлмырза J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақта белдесті. Финалда ол Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунмен кездесіп, қарсыласын иппон әдісімен жеңді. Осылайша қазақстандық спортшы Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Ғалымжан Смағұлұлы да жүлдесіз қалмады. Ол қола медаль үшін өткен белдесуде ирандық Реза Голамиді жеңіп, үшінші орынға тұрақтады.

Әйелдер арасындағы жарыста Даяна Федосова да үздіктер қатарынан көрінді. Ол J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге таласып, сингапурлық Хунг Джоан Хуэй Синді иппонмен ұтты.

Осылайша қазақстандық парадзюдошылар жарыста бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында 20 медаль бар. Оның төртеуі – алтын.

Айта кетейік, бұған дейін Жапонияның Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары аяқталған еді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға ие болды.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 15:52