Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапонияда Азия ойындары аяқталды

Жапонияның Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Қазақстан құрамасы жарысты 84 медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Салтанатты рәсім Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтті. Азия ойындарының жабылу салтанатында Қазақстанның туын көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 16 жастағы Ақмарал Ерекешева алып шықты.

Азия ойындарына 45 елден 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олар 469 медаль сарапқа салды.

Азиада жабылу салтанаты
Фото: olympic.kz

Қазақстан атынан 35 спорт түрінен 558 спортшы бақ сынады. Құрама қоржынында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль бар.

Азия ойындары Жапонияда үшінші рет өтті. Бұған дейін ел бұл жарысты 1958 жылы Токиода, ал 1994 жылы Хиросимада қабылдаған.

Келесі жазғы Азия ойындары 2030 жылғы 4-19 қараша аралығында Дохада өтеді. Бұл Қатардың Азия ойындарын екінші рет қабылдауы болмақ.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Яғни, ел қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола түсті. Жалпы командалық есепте ұлттық құрама сегізінші орында тұр.

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орын алған болатын. Осылайша, алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда құрама үш сатыға көтеріліп, алтын медальдар санын арттырды.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 04 Қазан, 2026 18:30