Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Азия-2026 жүлдегерлеріне медальдары үшін қанша төлейді

жүлде сыйақы спортшы Азиада
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан құрамасы Айти мен Нагояда өткен 2026 жылғы Азия ойындарындағы өнерін 84 медальмен аяқтады. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына жүлде алғаны үшін мемлекет тарапынан ақшалай сыйақы қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысына сәйкес, Азия ойындарында:

  • Алтын медаль алған спортшыға – 10 мың доллар;
  • Күміс медаль үшін – 5 мың доллар;
  • Қола медаль үшін –3 мың доллар көлемінде сыйақы төленеді.

Сыйақы теңгемен есептеледі: тиісінше 4 477 300, 2 238 650 және 1 343 190 теңге.

Бұл ретте жалпы төлем көлемі медаль санына ғана байланысты емес. Командалық спорт түрлерінде жүлде алған әрбір спортшыға жеке сыйақы беріледі.

Мысалы, құрамында бірнеше спортшы бар команда алтын медаль жеңіп алса, оның әрбір мүшесі чемпионға белгіленген мөлшердегі сыйақыны алады. Сондықтан команда алтын алса, сыйақы бүкіл командаға бір рет емес, әр спортшыға жеке-жеке төленуі мүмкін.

Айта кетейік, Азия ойындарының жүлдегерлерін дайындаған жаттықтырушыларға да жеке сыйақы беріледі:

  • Алтын медаль иегерін дайындаған жаттықтырушыға – 5 мың доллар;
  • Күміс жүлдегерді дайындағаны үшін – 3 мың доллар;
  • Қола жүлдегер үшін – 2 мың доллар төленеді.

Бұл тиісінше 2 238 650, 1 343 190 және 895 460 теңге.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады. Яғни, ел қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола түсті. Жалпы командалық есепте ұлттық құрама сегізінші орында тұр.

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орын алған болатын. Осылайша, алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда құрама үш сатыға көтеріліп, алтын медальдар санын арттырды.

 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 04 Қазан, 2026 17:23