Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азия Пара ойындарында Қазақстан тағы бір алтын медаль жеңіп алды

Азия Пара ойындары
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Қазақстандық парадзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ол шешуші белдесуде ирандық қарсыласын жеңіп, ел қоржынына тағы бір алтын медаль салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұрқамырза Шүкірбеков парадзюдодан J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалда ол Иран спортшысы Мохаммад Реза Кхеироллахзаде Варзимен кездесіп, жеңіске жетті.

Осылайша, қазақстандық спортшы Азия Пара ойындарының алтын жүлдегері атанды.

 

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек те алтын медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартқан еді. Ол S10 санатында 100 метрге шалқалай жүзуден 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші жетті. Осылайша, 1 минут 3,73 секунд болған бұрынғы рекордты жаңартты.

Диас Кенжебек бұған дейін 200 метрге кешенді жүзуден және 100 метрге еркін стильде жүзуден екі күміс медаль иеленген.

Сондай-ақ парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза алтын жүлдегер атанса, Ғалымжан Смағұлұлы мен Даяна Федосова қола медаль жеңіп алған болатын.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 15:41