Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге Қазақстанда iPhone басқа елдерге қарағанда қымбатырақ?

Айфон
Фото: Pixabay

Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда iPhone қымбат тұрады. Смартфонды шетелден арзанырақ сатып алуға болса, оның Қазақстандағы бағасы неге жоғары? Stan.kz iPhone бағасының қалыптасуына қандай факторлар әсер ететінін және құрылғыны шетелден сатып алу қаншалықты тиімді екенін анықтап көрді.

 

Қазақстанда iPhone қанша тұрады?

Қазақстанда iPhone 18 Pro 256 ГБ-тың ресми бағасы 849 990 теңге. Оның басқа елдерде қанша тұратынын білу үшін АҚШ, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Apple дүкендерінің бағаларын салыстырдық.

баға
Фото: 2026 жылғы 20 қазандағы бағам бойынша iPhone 18 Pro 256 ГБ бағасы

Ескерту: есептеуде 2026 жылғы 20 қазандағы мына ресми бағамдар қолданылды: 1 АҚШ доллары — 452,59 теңге, 1 юань — 67,75 теңге, 1 БАӘ дирхамы — 123,23 теңге, 1 еуро — 507,67 теңге. АҚШ-та Apple сайтында көрсетілген бастапқы бағаға сату салығы кірмейді. Шетелден сатып алғанда жеткізу және басқа да қосымша шығындар туындауы мүмкін.

АҚШ-та iPhone бағасын салыстырғанда сату салығын да ескеру қажет. Apple компаниясының ресми сайтында көрсетілген бағаға бұл салық әдетте кірмейді. Оның мөлшері штат пен жергілікті салық талаптарына байланысты өзгеріп отырады, сондықтан сатып алушы кассада бастапқы бағадан көбірек төлейді.

Мысалы, смартфонның бағасы 1 199 доллар, ал сату салығы 8% болса, оның соңғы құны 1 294,92 долларға жетеді. Бұл есеп шартты түрде берілген, өйткені АҚШ-тағы салық мөлшерлемесі сатып алу орнына байланысты өзгереді.

Сондықтан Қазақстан мен АҚШ-тағы iPhone бағасын салыстырғанда тек бастапқы құнды емес, салық қосылғаннан кейінгі соманы да ескерген жөн. Дегенмен салықты есептегеннің өзінде елдер арасындағы баға айырмасы сақталуы мүмкін. Нақты айырмашылық сатып алынатын штатқа және сол күнгі валюта бағамына байланысты болады.

Кестеден көрінгендей, Қазақстанда iPhone 18 Pro 256 ГБ салыстырылған үш елдің бәрінен қымбат. Ең үлкен айырмашылық АҚШ-пен салыстырғанда байқалады. 

EnergyProm зерттеуіне сәйкес, соңғы бес жылда Қазақстан мен АҚШ-тағы iPhone Pro модельдерінің бастапқы бағалары арасындағы айырмашылық 40%-дан 57,7%-ға дейін болған. Биыл бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейге жеткен. Зерттеуде қыркүйектегі орташа валюта бағамы қолданылғандықтан, АҚШ-тағы смартфон бағасы шамамен 539 мың теңге, ал Қазақстандағы бастапқы бағасы 850 мың теңге деп есептелген.

 

Қазақстанда iPhone неге басқа елдерге қарағанда қымбат?

Қазақстандағы iPhone бағасының жоғары болуын тек салықтармен түсіндіру қиын. Мәселен, Германияда қосылған құн салығы 19%, Францияда 20%, ал Финляндияда 25,5% болса да, бұл елдерде смартфон Қазақстанға қарағанда арзан. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёвтің пікірінше, баға айырмашылығына салықтардан бөлек, Қазақстандағы нарықтың құрылымы да әсер етеді.

"Мәселе нарықтың құрылымында. Apple компаниясының Қазақстанда тікелей қатысуы жоқ, тауар дистрибьюторлар мен бөлшек сауда желілерінің тізбегі арқылы жеткізіледі. Нарық көлемі шағын, әрбір буын өз үстеме бағасын қосады", — деп түсіндірді сарапшы.

Чеботарёвтің айтуынша, Еуропаның бірқатар елінде сатушылардың үстеме бағасы Қазақстандағыдан шамамен екі есе төмен. Бұл айырмашылықты бағалау үшін тауарды жеткізу және сату тізбегіндегі шығындар мен сатушылардың маржасын да ескеру қажет.

Нарық құрылымынан бөлек, валюта бағамы мен сауда шығындары да бағаға әсер етеді. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, смартфонның түпкілікті құнына тауарды сатып алу, тасымалдау және сату шығындары қосылады.

"Қазақстанда iPhone бағасының қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, бұл — валюта бағамы. Қазақстан смартфондарды шетелден импорттайтындықтан, теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруі құрылғының түпкілікті құнына тікелей ықпал етеді.

Бұдан бөлек, тасымалдау мен логистика шығындары, қоймада сақтау, сауда орындарын ұстау және сату шығындары да бағаға қосылады. Осы шығындардың барлығы есептелгеннен кейін смартфонның Қазақстандағы соңғы бағасы қалыптасады", — дейді экономист.

Қазақстандықтар шетелден сатып алса, қанша үнемдейді?

Шетелден iPhone сатып алғанда қанша үнемдеуге болатынын анықтау үшін БАӘ мысалын қарастырайық. Нәтиже смартфонды өзіңізбен бірге алып келуге немесе курьер арқылы жеткізуге байланысты өзгереді.

Смартфонды шетелден жеткізу тәсілі үнемнің мөлшеріне тікелей әсер етеді.

Егер адам БАӘ-ге басқа мақсатпен барып, iPhone-ды өзімен бірге ұшақта алып келсе, жағдай тиімдірек болуы мүмкін. Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, әуе көлігімен жеке пайдалануға арналған тауарларды жалпы құны 10 мың еуродан және салмағы 50 килограмнан аспайтын шектерде кедендік төлемсіз әкелуге болады. Демек, бір смартфон осы талаптарға сай жеке пайдалануға арналған тауар ретінде танылса, оны елге әкелгені үшін қосымша кедендік төлем төлеудің қажеті болмайды. Мұндай жағдайда бағалар арасындағы айырма – 222 мың теңге. Бірақ бұл есепке жол шығыны мен банк картасының валюта айырбастау комиссиясы кірмейді.

Ал смартфонды курьерлік қызмет арқылы Қазақстанға жеткізсе, қосымша кедендік төлем туындауы мүмкін. 2026 жылғы 20 қазанда қолданыстағы ережеге сәйкес, халықаралық пошта немесе курьер арқылы келетін жеке пайдалануға арналған тауарлар үшін бажсыз әкелу шегі — 200 еуро және 31 килограмм. Белгіленген шектен асқан жағдайда, құнның артық бөлігінен 15% мөлшерінде төлем алынады.

Шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған тауарларға арналған жаңа кедендік тәртіпте 5% баж бен 16% қосылған құн салығын төлеу қарастырылған. Алайда бұл ережелердің күшіне ену мерзімі кейінге қалдырылды. Сондықтан есепте 2026 жылғы 20 қазанда қолданыста болған тәртіп пен 200 еуролық бажсыз әкелу шегі пайдаланылды.

2026 жылғы 20 қазандағы бағаммен БАӘ-дегі iPhone бағасы шамамен 1 237,71 еуроға тең. Оның 200 еуродан асатын бөлігі 1 037,71 еуроны құрайды. Осы соманың 15%-ы — шамамен 79 022 теңге. Кедендік төлемді қосқанда, смартфонның құны 707 372 теңгеге жетеді. Қазақстандағы 849 990 теңгелік бағамен салыстырғандағы айырмасы — шамамен 142 618 теңге.

Қазақстандағы бағамен салыстырғандағы айырмашылық шамамен 143 мың теңге болып қалады. Бірақ бұдан жеткізу мен курьер қызметінің ақысын да шегеру керек. Бұл — тауар бағасына негізделген жуық есеп; нақты төлем кедендік құнға және жеткізу талаптарына байланысты өзгеруі мүмкін.

Фото
Фото: БАӘ-ден iPhone сатып алса, қанша үнемдеуге болады?

Есеп бойынша, смартфонды өзіңізбен бірге алып келгенде үнем көбірек болуы мүмкін. Ал курьер арқылы жеткізу кедендік төлем есебінен қымбатқа түседі. Дегенмен жеткізу ақысы мен валюта айырбастау комиссиясын қосқанда, нақты үнем бұдан аз болуы мүмкін

Шетелден смартфон сатып аларда кепілдік шарттарын да тексерген жөн. Apple-дің ресми ережелеріне сәйкес, iPhone-ға кепілдік қызмет көрсету құрылғы алғаш сатылған елмен шектелуі мүмкін. Сонымен қатар қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі мен жөндеу шарттары елге қарай өзгереді.

Шетелден алынған iPhone-ды Қазақстанда пайдаланғанда нені ескеру керек?

IMEI және верификация

Қазақстанға жеке пайдалануға арналған смартфон әкелетін адамдар 2026 жылғы 19 сәуірден бастап құрылғының IMEI-кодын жолаушының кедендік декларациясында көрсетуге тиіс. Сонымен бірге телефонды Қазақстанның мобильді желісінде пайдаланбас бұрын оның IMEI мәртебесін тексерген жөн. Бұл үшін eGov Mobile немесе IMEI мәртебесін тексеруге арналған ресми сервистерді пайдалануға болады.

eSIM үйлесімділігі

БАӘ нарығына арналған iPhone 18 Pro нұсқасы физикалық SIM-карта ұясынсыз, тек eSIM арқылы жұмыс істейді. Сондықтан оны сатып алмас бұрын өзің пайдаланатын ұялы байланыс операторының eSIM қызметін қолдайтынын және құрылғының белгілі бір операторға байланбағанын тексерген жөн.

Кепілдік

Apple компаниясының ережелеріне сәйкес, iPhone-ға кепілдік қызмет көрсету құрылғы алғаш сатылған елмен шектелуі мүмкін. Сондай-ақ қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі мен жөндеу шарттары әр елде әртүрлі болуы ықтимал. Сол себепті шетелден телефон сатып алғанда оның кепілдік шарттарын алдын ала анықтап алған дұрыс.

Қазақстанда iPhone бағасы арзандауы мүмкін бе?

Қазақстанда iPhone бағасының төмендеуі валюта бағамына, импорт шығындарына және сатушылар арасындағы бәсекелестікке байланысты. Теңгенің нығаюы импорт құнына оң әсер етуі мүмкін, алайда бұл бөлшек саудадағы баға бірден төмендейді дегенді білдірмейді.

Жаңа модель шыққаннан кейін алдыңғы буындағы смартфондарға жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін. Мысалы, 2026 жылғы қазанда Technodom дүкенінде iPhone 17 Pro 256 ГБ-тың кейбір нұсқалары 729 990 теңгеден сатылды. Бұрынғы бағасы 811 990 теңге болған. Дегенмен жеңілдіктердің мөлшері модельге, дүкенге және тауардың қолжетімділігіне байланысты өзгереді.

Сондықтан шетелден iPhone сатып аларда тек бастапқы бағаға емес, кедендік төлемдерге, жеткізу құнына, валюта айырбастау комиссиясына және кепілдік шарттарына да назар аудару қажет. Ал Қазақстанда бағаның қашан арзандайтынын нақты болжау қиын.

Айта кетейік, бұған дейін шетелден жаңа iPhone сатып алған қазақстандықтар қиындыққа тап болғаны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 09:00