Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жол апатынан кейін сақтандыру төлемдерін алу тәртібі өзгереді

Жол апаты
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 21 қазаннан бастап жол-көлік оқиғасынан кейін төленетін сақтандыру өтемақысының тәртібі өзгереді. Енді міндетті автосақтандыру бойынша төлемдер тек қолма-қол ақшасыз аударылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, өзгерістер көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңның 25-бабына енгізілген түзетулерге байланысты күшіне енеді.

Бұған дейін сақтандыру өтемақысын қолма-қол ақшамен де, банк шотына аудару арқылы да алуға болатын еді. Ал 21 қазаннан бастап міндетті автосақтандыру бойынша қаражат тек алушының банк шотына аударылады.

Сақтандырушыдан ақшаны тікелей қолма-қол алу мүмкін болмайды. Алайда банк шотына түскен қаражатты кейін қолма-қол шешіп алуға тыйым салынбайды.

Жаңа талап бойынша сақтандыру компаниялары сақтандыру өтемақысын аударуға және оны банк шотына жіберуге байланысты шығындарды өздері төлеуге міндетті. Яғни банк комиссиясы зардап шеккен адамға тиесілі өтемақы сомасынан алынбайды.

Жаңа ережелер көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға (КҚИ АҚЖМС) қатысты. Бұл – көлік иелері рәсімдеуге міндетті автосақтандыру түрі.

Ол жүргізушінің кінәсінен болған жол апаты салдарынан басқа адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды заңда белгіленген шектерде өтеуге арналған. Мәселен, жүргізуші басқа адамның көлігін зақымдаса, сақтандыру жағдайы танылған кезде зардап шеккен адамға кінәлі жүргізушінің сақтандыру компаниясы өтемақы төлейді.

Алайда міндетті автосақтандыру кінәлі жүргізушінің өз көлігін жөндеуге кеткен шығынды өтемейді. Жеке көлікті қорғау үшін КАСКО сияқты ерікті сақтандыру түрлері қарастырылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, сақтандыру төлемдерін толықтай қолма-қол ақшасыз аударуға көшу қаржы нарығын цифрландыруға және есеп айырысудың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Реттеуші жаңа тәртіп сақтандыру төлемдерінің қозғалысын бақылауды жеңілдетіп, залалды реттеу кезіндегі ашық емес схемалардың тәуекелін азайтуға және өтемақының оны алуға құқығы бар адамға тікелей түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Жаңа талаптар 2026 жылдың 21 қазанынан бастап күшіне енеді. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгеретіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 21:56